БОЗІНГЕН Сүгірдің «Бозінгенінің» шығуы туралы ақиқат деректерді сараласақ ол да осы қазақ пен қырғызға ортақ жоғарыдағы ертегілердің аңысына (сюжетіне) ұқсас, мағыналас келеді. Генерал Асқаровтың естелігінде Сүгірдің Шудан Жетіқоңырға жайлауға көшкенде көш қиындығын тартқанын, қолғанат болатын ұл баласының болмауына мұңданып осы күйді шерткен деседі. Көште үй мүлкін түйеге артып қозыкөш жерге барған соң жүкті түсіріп түйені бос жібереді екен. Сонда ол артта қалған ботасына ілезде желе жортып келетін көрінеді. Келген соң қалған жүкті тағы да артып Сүгір жолға шығады. Сол кезде осы күй туған (радиоәңгімеден алынды). Тағы бір ел ішіндегі әңгімеде Сүгірдің әкесі Әлі «Күйші болсаң інгенді иітіп көрші!» - деп баласының шабытын жанығаны айтылады. Сонда Сүгір осы күйді шерткенде інгеннің желінінен сүт шыққан екен деседі. Сондықтан күйдің әуелгі аты «Наридірген» деп аталған көрінеді. Жалпы «Бозінген» күйі музыкалық формасы жағынан Асан қайғының «Желмасы», халық күйі «Нар идіргеннің» тараулары, Байжігіттің «Ерке атаны» сияқты көне күйлердің дәстүрімен шыққан тамаша туынды. Сүгірдің «Бозінгенінің» композициялық дамуы мен сұлбасын байырғы күйлермен салыстырсақ, құрылымы Байжігіттің «Ерке атанынан» еш айнымайды. Солай бола тұрса да күй қайырмасының бірнеше варияциялануы сазгердің дарынға аса кенен болғанын көрсетеді. «Бозінгеннің» кейбір тұстары қырғыздың «Ботойларының» табиғатына да ептеп келеді. Екінші тарауын шерткен - Төлеген Момбеков. Төлеген бұл күйдің негізгі әуенін аса жатық түрде Сүгір оригиналына мейлінше жақын етіп шерткен, дегенмен қайырмаларындағы әуендік фразаларды өзінше өзгерткен, жалпы Төлеген өзі де композитор болған соң күй табиғатындағы «суретті» көшірмелемей қайта салып шыққандай жаңаша леп бергені рас. «Бозінгеннің» екінші тарауының мақамында Сүгірдің композиторлық сезімі мен Төлеген Момбековтің орындаушылық шеберлігі араласа келе тең бағаланған кездер көп болған секілді. Кейде орындаушылар арасында «Бозінгеннің» осы екі тарауын бір тарау деп ұғып қателікке бой ұрып жатады. Төлеген Момбеков күйдің атын «Бозінгеннің бүлкілі» деп атаған, бұл да Сүгірдің күйінің әуелдегі атауы болса керек, кейіннен бастауышы қалып, баяндауышы қысқартылып кеткен. Есіркеп Өмірбековтің жазбаларында күйдің бұрынғы аты «Наридірген» делінетінін жоғарыда жаздық. Оның да өз себебі бар. Сүгірге дейінгі күйші-композиторлар көбінесе осы архаикалық атауды сүйген, әу баста бұл жолдан Сүгір де жаңылмаған. Кейіннен «Бозінген» деп атау салтқа айналып кеткен. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 153 | |
Всего комментариев: 0 | |