Күй аңызы

НАЗҚОҢЫР

Бұл күйді Генерал Асқаровтан кейін ешкім тартпаған да сияқты. Күй, Сүгірдің аңызбен астас махаббат жайын баян етеді. Тектіден текті аралап Найман елінен айттырып алып келген аяулы жары, әйгілі күйші Мафруза бір жылдан соң көз тиіп өледі. «Назқоңыр»  – алғашқы күндердің қалың қайғысын, күйшінің, басын тау мен тасқа соғып, бойын өртеген қасіреттен, өкініштен «ах» ұрған қиямет  сәтін бейнелейді. Сондай-ақ бұл күйде, Сүгір алғашқылардың бірі болып, адамның жүрегіндегі тәубаны бейнелейтін әуенді ойлап тапқан, енгізген.

Сонау төменгі сағаға барып, он екі мүшені талдырған, қайғыны судай іштірген күй жоғарғы сағаға қайтып келіп, кенет  аунап түсіп, алқоңыр әуенге ауысады. Осыншама қайғыдан келіп күйдің мажорға ауысуы әдетте, басталған бұраудан ауытқымайтын, сол бұраумен аяқталатын қазақ күйі үшін жаңа құбылыс, сырт құлаққа тіпті жағымсыз модуляция болып естілуі мүмкін. Бірақ құлағыңыз үйрене келе Сүгір күйінің биік парасатына бас ұрасыз.

Мен Сүгірдің Абай  поэзиясымен қаншалықты таныс екенін білмеймін. Абай сүйікті ұлы Әбдірахман өлгенде қолын жүрегіне қойып жаратқан Иеге тағзым етіп:

– Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ
Саған жар менен артық табылса да, – деген.

Осындай ұлы қайғыны жеңген, Алла Тағала қандай сынға салса да тәубасынан жаңылмаған хаким Абайды біз бір  мақаламызда Енжілдегі Аюп пайғамбарға теңеген едік. Сүгір Енжілден де бейхабар болуы мүмкін. Яғни, басына түскен қайғыны аяғына дейін өзі кешкен, тәубаға өз жолымен келген. Сол себепті мен Сүгірді шын мұсылман деймін.
(Таласбек Әсемқұловтан)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (22/11/2021)
Просмотров: 143 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: