Күй аңызы

БҰЛБҰЛ ТОРҒАЙ

Тамылжыған көктемнің май айы еді. Құлын жарғақпен қапталған домбырасын мойнына асып алған Мүкей, Білезік өзенін құлдап, Кеңтөренің ауылын бетке алып бара жатты. Жыландай жосылып аққан Білезік өзенінің бойы бүрлеген орман. Күйші көңілін табиғат дүниесінің осы бір көрікті шағы баурайды. Оның құлағына қайыңның бұтағына қонып сайраған бұлбұлдың әсем сазы шалынады. Мүкей атынан түсіп, байыздап әлгі сайраған бұлбұл құстың әнін қызыға тыңдайды. Секемшіл, сезімшіл әнші бұлбұл бұтақтан-бұтаққа қонып құйқылжиды, тамылжыған сыр шертеді....

Күйші домбыра тілімен бұлбұл торғайдың артынан еріп жүріп әуеніне әуен қосып, жол бойында ет асым ерулеп «Бұлбұл торғай» күйін жасап шығады да, қоналқыда Кеңтөренің үйіне келеді. Күй ырғағын ұмытып қалмау үшін шай соңынан кейін қайталай шертіп отырады.

Қазақ тұрмысы мен өнеріне қанық Кеңтөре:

— Мынау күйіңізді бұрын-соңды естімеген екем, аты не? —  деп сұрайды. Мүкей күйдің бүгін жол бойында шығарылғандығын айта келіп, күйдің аты «Бұлбұл торғай» деп еді, Кетөре:

— Онда сенің ұстап алғаның менің түбегімнің бұлбұл торғайы болды ғой, — деп қағытпалы қалжың айтады. Мүкей:

— Оныңыз рас төрем, Қабаның елі де, жері де сенікі ғой, «төресіз ел, төбесіз жер жоқ». Төреміз жарлық берсе, немізді аяйық... өзіңізге бір арызым болып шыққан бетім еді, көктемнің жаршысы тіл қатты. Жолым болар деп ойладым, — дейді.

Кетөре мақтаныңқырап, қарқылдап күледі де:

— Арызыңды айт, — дейді.

— Тақсыр, бірнеше жылдың алдында немере қарындасым Нұрғайшаны Сауыр тауының арғы бетіндегі Жайыр дейтін өнерлі азаматқа қалыңсыз үйлендірген едім. Жайыр өткен қыста «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген ауыл кәрілерінің пікірі бойынша екі ат, екі бие әкеп беріп кеткен. Жуықта осы малдың артынан торғауыттан екі жоқшы келіп екі атының көзін танып қайтарып алды. Қалған екі биесіне екі құнажын байтал қайтарсам, олар: «сендер биелерімді құлындатып, тығып отырсыңдар, малымның көзін аламын», —  деп жанжал тудырып отыр. Оның биесін қыста соғымға жығып алған едік, осыны бітім қып берсеңіз, — дейді. Кетөре:

— Жегенің рас болса, айып тоғызсыз-ақ екі байталды орнына салып бітіруге болар. Ертең даугерді маған алып кел, — деп кесімді жауап айтады. Риза болған Мүкей тағы да күйін шертіп отырады да:

— Жолым болды, күй сіздікі болсын, — деп аттанып кетеді. Сөйтіп, «Бұлбұл торғай» күйі «Кетөренің бұлбұл торғайы» деп те жұрт арасына тараған екен.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (08/11/2021)
Просмотров: 155 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: