ЖОЛАУШЫНЫҢ ЖОЛДЫ ҚОҢЫРЫ Сүгірдің Мәфруза қызбен тартыс үстінде шығарған күйі. Сүгір өзі шерткенде «Жігіттің тартқаны», «Қыздың тартқаны» деп жіктеп отырған, оны Жаулыбай Иманәлиевтің, Ергентай Борсабаевтың естеліктерінен біле аламыз. Күйдің шығуы туралы аңыз-әңгімелердің варианттары көп, соларда «Күйдің бірінші тарауын (Қыздың тартқаны) Мафруза шертіп еді» деп айтылады. Мафруза мен Сүгірдің қосыла күй тартқаны бар, оны Ергентай Борсабаев жеткізген. «Жолаушының жолды қоңырының» ерекшелігі сол, біріншісінде желдірмелете, шертпесі мен төкпесін араластыра ойнақы көңілмен, жастық желікпен орындалады. Екінші тарауында күй қобыз сарындас, баяу екпінмен толғай сөйлейді. Мафрузаның Сүгірмен кездесіп, тартысқа түскені, алқалы тартыста Сүгірге бас бәйге байланғаны тарихи шындық. Мафрузаның руы - Найман, оның ішінде Жырық атадан тарайды, өскен елі – Ұлытау. Әкесінің аты Есенбек, ол заманында аты шыққан бай, аузы дуалы ел жақсысы болған. Мафруза күйші мен Сүгірдің арасында сөз салу, уағда байласу сияқты жағдайлар мүлде болмаған. Ол ескінің жолымен атастырылған жеріне ықтиярымен ұзатылған. Бұл туралы кезінде Ақселеу Сейдімбек: «Ел аузында Сүгір мен Мақпузаны ғашық етіп қоятыны, содан уәде байласқан қос ғашықтың армандарына жете алмай қалатыны сол ауыздан-ауызға көшкен әңгіменің түрленіп-құбылуының жемісі. Ақиқатында Мақпуза қыз Найман ішіндегі Бағаналылардың төрт босағасының бірі аталған Бабырдың өсіп-өнген балаларының біріне атастырылып, өзінің ерік-ынтасымен ұзатылған. Мақпузадан өрбіген ұрпақ Ұлытау төңірегінде ондап саналады» - жазған еді әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 173 | |
Всего комментариев: 0 | |