Күй аңызы

БОЗАЙҒЫР

Қалмақ ордасы талқандалғаннан кейін, қалмақтың ең соңғы ханзадасы Галдан-Цереннің ұлы Әмірсана азғантай нөкерімен келіп Абылай ханды паналайды. Алайда Ресей мен Қытай сияқты ұлы империялар Әмірсананы қайтаруды талап етіп Абылай ханға қайта-қайта хат жазады, елшілер жібереді.

Ақырында Абылай хан: Қарағым, мен енді сені ұстап отыра алмаймын. Сені үлкен елдер сұрап отыр, қол-аяғыңды байлап және ұстап бере алмаймын. Әкең Қалдан-серіге берген сертім бар еді. Сондықтан, қасыңа жүз нөкер берем, қару-жарақ берем. Жолыңды тап, алдыңнан Тәңір жарылқасын, Қолымнан келгені осы» деп ханзаданы шығарып салады.

Кейіннен Әмірсана атысып-шабысып жүріп әйтеуір бір жерде өлді деген хабар жетеді. Сол кезде Абылайдың ордасына Қытайдың үлкен елшілігі келеді. Дастархан үстіндегі дәстүрлі қабылдау кезінде Қытайдың бас елшісі Абылайға қаратып; «Менің Боғды ханым қалмақтың бүлікшіл ханзадасы осы қазақ жерінде өлді деп естіп мені сізге аттандырды. Боғды ханның сізге айтар тілегі, қазақ жеріне жиырма мың Қытайдың әскерін кіргізуге және ол әскерге Ертістің суын сүзіп, орман-тоғайды аралап Әмірсананың мүрдесін іздеуге рұхсат етсе екен дейді. Бұған не дейсіз, Хан» дейді. Абылай ештеңе демейді, тек бар болғаны «Ас алыңыз, қонақ» дейді.

Небір уақыттан кейін өзінің оң тізесін басып отырған Байжігітке қарап әлдебір белгі береді. Байжігіт домбырасын алдына өңгеріп елшіге қарап «Құрметті елші, қазақта күйдің тарихы деген болады. Мен сізге «Бозайғыр» деген бір күй тартып берейін» дейді. «Баяғыда жау келіп, елді шауып, көп жылқыны айдап кетеді. Сонда жылқының құты – Бозайғыр үйірінен бөліне қашып, туған жеріне қарай тартады, Жаулар қанша ат ауыстырып мініп қуса да Бозайғыр қара шалдырмай кетеді. Сонда Бозайғыр туған жерінің өртенген жұртына келіп, артқы аяғын қағынып, күңіреніп тұрғаны екен.» деп бір күркіретіп тамаша күй тартады. 

Ертеңінде Қытайдың елшісі ханның қабылдауына қайта келеді. Мәжіліс үстінде «Ал, хан, біздің кешегі тілегімізге не айтасыз мен өзімнің әміршіме не жауап айтып барайын» дейді. Абылай хан жайбарахат қана» жауабы кеше берілді емес пе?» дейді. Сырын терең сақтайтын, бет әлпетінен ештеңе біліне қоймайтын қытай елшісі құрметпен бас иеді де шығып жүре береді.

Енді хикаяның екінші тармағы Қытайдың Боғдыханының сарайында өтеді. Қазақ ордасынан қайтып келген елші болған жайдың барлығын баяндайды да, ең соңында «қазақ ханы неге екенін білмеймін, сіздің тілегіңізге жауап қайтармады. Жауап кеше берілді деп қоя берді» дейді. Қазақ ордасының жай-жапсарына әміршілерінің бедел-салмағына, қазақтың әдет-ғұрпына қанық Боғды хан елшіге «қабылдау кезінде қандай билер мен сұлтандар болды, кім қай жерде отырды, табақтың тартылу реті қалай болды» деп сұрайды. Елші болған жайдың бәрін тәпіштеп айтып береді.

Боғды хан ойланып отырып «Дастархан басында күй тартылды ма?» дейді. «Я, тартылды» дейді елші. «Нендей күй, кім тартты, хикаясы қандай?» дейді Боғдыхан. Елші «Күйдің аты Бозайғыр» екен. Хикаясы пәлен-пәлен екен. Күйді тартқан адам Абылай ханның уәзірі Байжігіт мырза дейді. Боғдыхан біраз уақыт мүлгіп ойланып қалады. Ақырында «Дұрыс, Абылайдың жауабын мен түсіндім. Оның айтпағы Әмірсананы іздеген болып, ел ішіне әскер кіргізесің. Басқаны бағындырсаң да Бозайғыр сияқты асау қазақты бағындыра алмайсың деген екен» дейді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (09/08/2021)
Просмотров: 160 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: