Күй аңызы

БЕС ҚЫЗ

Сейтек нағашысы Дәулетиярдың сыйға берген іңгеншесіне мініп ауылына қайтқанда, жолшыбай жанында бір топ шабармандары бар Арсыланкерей кездесіп, Сейтектің астындағы іңгеншені тартып алады. Соны кек сақтап қалған Сейтек жанына Сахаманды ертіп барымтаға аттанады. Төре Арсыланкерейдің жайылыста жүрген бір үйір жылқысынан екі семіз атты алып келеді де, іңгеншенің құны үшін деп кедейлерге сойып береді. Осыны сылтау еткен төрелер енді Сейтектің соңына шырақ алып түседі.

«Аңдушыны алушы жеңеді» деп халық айтқандай, ізге түскен төрелер ақыры қалмай жүріп, Сейтекті қапылыста ұстап, орданың түрмесіне жабады. Бірақ Сейтек түрмеде көп жатпай қашып шығады... Осы бетімен үйіне соқпастан Нарын құмына кетеді. Еділ бойын, Қалмақ қырын түгел аралайды, делінген еді.

Сейтек қалмақ жерінде жүргенде бір үйге келсе, үйде бес қыз іс тігіп отыр екен. Бірақ Сейтек бұларға шөлдеп, сусын ішуге келгенін айтады. Сол кезде, отырған қыздардың біреуі орнынан тұрып, шалап бермекші болып жүре бергенде Сейтектің қолындағы домбырасын көріп: «Сіз бізге саз тартып бермесеңіз, үйден шығармаймыз», — деп қалжыңдайды. Мұндай қалжыңның талайын көрген Сейтек, сусынға қанып алғаннан кейін, тамағын кенеп: «Егер сендер билейтін болсаңдар, мен саз тартайын», — дейді.

Осыны естуі-ақ мұң екен, қыздар орындарынан ұшып тұрып, билеуге дайындалады. Бұл жағдайды көрген Сейтек, киіз қаптан домбыраны шығарып алып, бір күйді тартып жібереді. Күйдің әсем сазына бес қыз ұршықтай үйіріліп билей жөнеледі. Күйдің музыкалық үнінде қалмақ сазына жақын келетін элементтер мол болғандықтан ба, әйтеуір, осы бір күйдің сазы қыздарға қатты ұнап қалады. Сейтек домбырасын құйқылжытып, біраз тартып-тартып тоқтаған кезде қыздар Сейтекті ортаға алып: «Бұл не деген күй, аты қалай?» — деп сұрайды. Аяқ астынан қойылған мұндай сауалға бірден не дерін білмей қалған Сейтек, сәл кідіреді де: «Осы отырған бесеуіңе арнаған «Бес қыз» атты күйім болсын», — деп үйден шығып кетеді...

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (02/08/2021)
Просмотров: 239 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: