ТЕРІС ҚАҚПАЙ Ертеде Маңғыстау жерінде ұлан-асыр той болыпты. Өңірдің бетке ұстарлары жиналған жиында күй тартысы да өтіпті. Күй тартысқа үш домбырашы қатысқан екен. Тоғызбай күйші, Науша қыз және Есбай домбырашы. Бірінші кезек Науша қызға тиеді. Наушаның тартқаны «Шилеме, шегелеме» күйі. Аңызда Науша бұл күй жайында былай депті-міс: «Бірде далада «Ақсүйек» ойнап жүргенде, шоңқаймамды тасқа соғып, өкшесін сындырып алдым. Сонда бір құрбы жігіт, ұсталығы бар еді, айдың жарығында шоңқаймамның өкшесін кәдімгі шимен шегелеп берді. Сондағы құрбымның өнеріне азы болып шығарған күй еді». Келесі кезек ата жолы үлкен Тоғызбайға тиеді. Тоғызбай «Қызыл қайың—Мамыт» деген күйді тартады. Бұл күйдің әңгімесін Тоғызбай былай деп түйген екен: «Бір жігіт бір қызбен көңілдес болады. Бірақ өзінің олақтығынан, келген сайын иттерді шулатып, елге жария болып қалады. Содан кейін бірде, әсіресе белсене шауып жүрген бір қайың-қаптал итті манағы жігіт айдалада қуып жүріп, әбден сабап, бір аяғын сындырып қоя береді. Міне, сонда, «итті алдай алмаған жігіт қызбен не сөйлеспек?» деп шығарған күйім еді»,—депті. Үшінші кезек Есбайға тиеді. Есбай сол жерде отырған халыққа қарап: «Уа, жарандар, мына екі домбырашы бұрыннан дайындап келген күйлерін тартты. Ал мен осы арада, табан астында шығарған күйімді тартамын. Және бұлар оң қағып тартса, мен теріс қағып тартамын»,—деп, «Теріс қақпай» күйін тартады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 179 | |
Всего комментариев: 0 | |