Күй аңызы

ҚОСБАСАР

Тәттімбет «Қырық буын Қосбасар» деген күй дәстүрін қалыптастырған күйші ретінде аты елге белгілі болған. Қосбасарларын тараулата тартып таңнан-таңға дейін толғаған деседі. Бұл күй солардың бір тарауы ретінде бізге жетіп отыр. 1855 жылғы 24 наурызда Ресей патшасы ІІ Александрдың таққа отыруымен байланысты болған тойға Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барады. Осыған орайласқан ел аузындағы әңгімені А.Жұбанов былайша баяндайды:

...Міне, Тәттімбет домбырасын алып, құлақ күйін түсіре бастады. Музыканы жанындай жақсы көретін генерал Тәттімбеттің домбыраның күйін түсірудегі қағу-басуларының өзінде бір ерекшелік бар екенін байқап, екі көзі жас жігітте болды. Басқаларға да: «Тыңдаңыз, шуламаңыз!» дегендей ишарат білдірді. Жігіттің генерал назарына тағы іліккені отырғандардың көбіне ұнамады. Олар «мына жігіт ана екі мықтыдан тағы жоғары шығып кетер ме екен» деген ойда болды. Бірақ мықтының өзінен: «Тыңдаңдар» деген команда болғасын, амалдары құрып, жым болыпты. Тәттімбет бір күйді бастап кетті. Күй отырғандарға қатты ұнады. Бәрі де демін ішіне тартып, бір ауыз сөз айтып қойсақ бір дыбысын естімей қаламыз ба дегендей тыныш отырды. -Мына номадтардың музыкасы қандай әсем еді! - деді генерал қасында отырған адамға. Ол болса генералдың сөзіне басын изеп мақұлдап, бірақ күйшіден көзін айырмай, екі құлағы дыбыс шыққан жақта болды.

Генерал ұзақ уақыт Тәттімбеттің ойынына қол шапалақтады. Онымен қоймай орнынан тұрып барып, қайта-қайта басын шұлғып, күйшінің қолын алды. Отырғандарға ұлы мәртебелінің бұл ісі таң-тамаша болып көрінді»,-дейді. Халық аузындағы аңыз бойынша Тәттімбеттің сондағы тартқаны «Қосбасар» атты күй екен деседі.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (03/05/2021)
Просмотров: 166 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: