Күй аңызы

АДАЙ

...Құрманғазы жолаушылап келе жатып бір Адайдың үйіне түседі. Үй ішінде шал мен кемпір болады. Қай жерден, қай елден келе жатқанын, толық аты-жөнін Құрманғазы ашық айтып бере қоймай, қазақ әдетіндегі «сүйрей салмамен» жүрген жерінің иттен, құстан амандығын, басқа «алды-салдының» естілмегенін, ат-көлігінің аман екендігін, «Құдайы қонақ» екендігін айтумен тоқталады. Бір кезек үй иелері шаруалары болып далаға шығып кетеді. Осы кезде Құрманғазының көзі керегенің басында ілулі тұрған үкілі сары домбыраға түседі.

Домбыраның үкісі – оның иесінің не қыз, не сал мен серінің бірі екенін ескертеді. Қаншама ұзақ жол жүріп шаршап келгенімен, домбыраны көргенсін, оны ұстап қарағысы келіп, қолына алып, бір-екі қағып, әдейі «теріс бұрап», бұрынғы орнына апарып қайтадан іліп қояды. Біраз уақыт өткеннен кейін кемпір мен шал, он жеті-он сегіз жас шамасындағы қыз кіреді. Қыздың аты Ақмаңдай екен. Ол келісімен-ақ, төрде отырған қонаққа көзінің қырын да салмай, бірден керегенің басындағы домбырасын алып, тартуға айналды. Бір-екі қаққансын-ақ, домбырасының бұрауының өзгергенін сезіп:

-Мынаған кім тиген? - деп әке-шешесіне қарайды. Олар не дерін білмей, «жазықты осы болар-ау!» дегендей төр алдындағы күйшіге қарайды. Ақмаңдай енді қайталап сұрамай домбырасын бұрынғы өз бұрауына түсіріп, бір күйге кірісіп кетеді. Ақмаңдай күйдің аяғына шыққан кезде Құрманғазы қызға қарап:

-Шырағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой! Домбыраны бері берші!—дейді. Күтпеген жерден мұндай әңгіме есіткен Ақмаңдай, екі көзі күйшіде болып, домбырасын Құрманғазыға қалай ұсынғанын сезбей де қалады. Кемпір мен шал аң-таң болып, «бұл өреде Ақмаңдайдың домбыра тартысы жөнінде ешкім бір ауыз сөз айтып көрген жоқ еді, бұл «жер астынан екі құлағы тік шыққан қандай жік» екен дегендей біріне-бірі қарай береді. Құрманғазы бір күйді тартып болған кезде үй адамдары біріне-бірі сыбырлап, бұрын-соңды бұл айналада Ақмаңдайды домбырадан сүріндірмей келгендерден емес-ау, тартыс шоқтығы тым биік екен дегендей, бір жағынан жұмбақ қонақты шырамытқандай, баяғы ашудан тыс жылы шыраймен күле қарап:

-Шырағым, домбыра тартысың біздің бұл араның тартысына ұқсамайды. Қызылқұрт Құрманғазы деген бар деп еді, сен соның өзі емеспісің, «аяқ алысың» әләй екен тым, - дейді. Құрманғазы мұртынан күліп:

-Болсақ, болармыз, - деген екен. Енді үй-іші болып қолқалап, Құрманғазыға қайтадан домбыра тарттырып, бірнеше күн жатқызып қонақ етіп, сый-құрметпен аттандырады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (22/03/2021)
Просмотров: 203 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: