САРЫЖАЙЛАУ Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйі. «Абылай аспас арқаның сары белі» атанған Сарыарқаның табиғатын суреттеген күй. Арнайы уақиғасы сақталмаған, дегенмен «Майдасары» жайлауына көшкенде көңілі шаттанып тартқан күй деген дерек бар («Аманат» жинағынан алынды). Ендігі бір дерек бойынша, «Сарыжайлау» күйі күйшінің өмірінің соңында дүниеге келген. Музыкатанушы Раушан Малдыбаеваның жеткізуімен, күйші Мағауия Хамзин айтты деген мынадай әңгіме бар. «Сары деген сөз адамның кемелденген кезімен байланысты. Яғни, көргенін көрген, сүргенін сүрген адамның кейпі. Ал, табиғаттың керім кезін суреттейтін болса, ол сары емес, Алтын деп аталушы еді». «Тәттімбет және Арқа күйлері» жинағында келесі дерек келтірілген: «Ескі қазақ ұғымы бойынша адам өмірі бес кезеңнен тұрады. Он үш жасқа дейін көк өрімдей жас кезі, яғни «көк» кезеңі. Он үштен жиырма беске дейін қызу қанды «қызық» кез. Жиырма бестен отыз жетіге дейін сары мойын «сары» кез. Отыз жеті мен қырық тоғыздың арасы қарымы толған «қара» кез. Қырық тоғыз бен алпыс бірдің арасы адам ғұмырының ақылы толған «ақ» кезеңі. Алпыс жылдық бұл кезең «жар мүшел» деп аталады. Бұл жердегі жиырма бес пен отыз жеті жастың арасындағы сары мүшел адам ғұмырындағы әлеуметтік тосылудың бастамасы. Ал, осы жастағы адамның өз ғұмырына көз жүгірту, келген қорытындылары мен пікірлері, «Сарыжайлау» күйінде көрініс тапқан, яғни күй адам өмірін ешқашан тоқтамас ұлы көшке теңеп, оның жайлауға жеткен тұсын дыбыс тілімен өрнектейді. Немесе таратып айтатын болсақ, бұл күй азаматтың кемеліне келген шағын, ақыл тоқтатқан парасатты кезеңін кейде баяу, кейде буырқана аққан сезім толғаныстарын сипаттайды». әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 173 | |
Всего комментариев: 0 | |