Күй аңызы

КӨРОҒЛЫ

Өскінбай мен Дәулеткерейден қалған үш күйдің бір тарауы дейді ел аңызы былай айтылады:

...Содан қайтатын шерулі жол басталды. Дәулеткерей өзінің атқосшы, жол көмекшілерін алып жүрді. Қариялардың айтуы бойынша, қонақ күтушілер Дәулеткерейді атсоқты болмасын деп ара¬тұра пәуескеге мінгізіп, тынығып демалуына кішігірім хан шатырын құрып отырған дейді. Алдын ала ат шаптырып, Бақашыдағы ауылға хабар жіберген. «Дайындалсын. Әсіресе, Өскенбай әзір болсын, қазақтың атақты күйшісі келе жатыр», деген. Жолаушылар келгенде ауыл гулеп жатыр еді. Қаздай тізілген ақ боз үйлер, ортасындағы бір күмбезге Дәулеткерейді кіргізді. Сәлемдесіп жайласқаннан кейін, жолдан шөлдеп келді, деп күбіні піскекпен күмпітіп¬күмпітіп жіберіп, зерең¬-зерең қымыз ұсынылды, ақ көбігі бұрқыраған шұбатта әкелінді. Әркім қалағанын ішіп жатыр. Сыйлы мейманды жуындырып¬-шайындырып, біраз тынықтырғаннан кейін қонақасы басталды. Ас мәзірі ағылып¬төгіліп жатты. Дастарқан үсті үйме-¬жүйме үйіліп, тағамдардың тәттілігі тілді үйіреді. Ірімшік-¬құрт, балқаймақ, қарыннан сығылған сары май, базардан әкелінген өрік¬ мейіз, қант пен құрма. Ысылдаған сары самаурын, аққұманның шүмегінен бұрқылдаған күрең шәй. Ту биенің етінен қуырылған майы сорғалаған жұмсақ қуырдақ. Оған қоса бұл заманда «деликатес» деп атауға жарайтын өкпе, жүрек, қарын, ішек қуырдағы. Біраз тынығып, тоқ басылдағаннан кейін табақ¬-табақ ет келді. Сақталған қазы¬-қарта және сүр өркеш май қосып асқан марқа бағылан сырбазы, дәмі таңдайға татитын мақпал сорпа. Ал қосымша тартылған үлпершек пен бұжыны қайтерсіз. Пай шіркін, қазақтың қонақасы¬-ай!..Тамақтан кейін Дәулеткерей дауыс көтерді.

- Оу, Адай ағайындар, сый¬-құрметтеріңе разымын, көп рахмет! Астарыңа тойдық. Ал өнерлеріңнің дәмін қашан татамыз? – деп езу тартты.

- Бәрі дайын, Дәке, тек Сіздің ықыласыңызды күтіп отыр едік. Өскінбай! Қайдасың? – деп дауыстап жіберді үйдің қожайын асабасы. Есіктен өрімдей жас жігіт кіріп келді.

- Ассалаумағалайкум, төре аға! Үлкендерден ишарат болмайынша, Сіздің үстіңізге кіруге тайсалып тұр едім. Қош келдіңіз! – деді.

- Ой, өркенің өссін, қарағым! Бұл кім? – деп сұрады Дәулеткерей. Бұл Дәулеткерейден 46 жас кіші, сол шақта он сегіз жасында шалқып жарқырап тұрған жеткіншек еді. Академик Ахмет Жұбановтың Өскінбайдың баласы Мұрат Өскінбаевтан алған мәліметі бойынша әкесі 200-¬дей күй білген. Ал қазіргі 18 жасында соның ең болмаса бір ширегіндей меңгерген десек, 50¬-дей күйді құйқыл жытады емес пе?!. Және де адайдың «Жеті қайқы» атанған әншілерінің тізіміне кірген әнші. Содан Өскінбай енді күй мен әнді төксін. Күй дегенде, сонау ықылым заманнан келген тарихи, аңыз күйлерден бастады: «Қазақ¬-Ноғайдың айырылысуы», «Нар идірген», «Ақсақ құлан – Жошыхан» топтамалары. Содан кейін адайдың жыр-¬термелерінен үзінді және өзінің «Жирен жорға» деген әнін шырқады. Оның тартқан күйлері адай әдісіне тән бұралаң ілме қағыспен, басқа жақта көп кездеспейтін өзгеше қимылдармен түрленіп тұрды. Қолдары домбыра сабында және шанағында ойнақтап, айырықша әсер берді. Дәулеткерей қатты разы болды.

- Япыр¬ай, болып тұрған бала екен. Әлі де өнері өркенді өседі ғой, алқада ардақты болатынына сөз жоқ, тек дені сау болсын! – деді. Бұл ұлы күйшінің өзінің көңіліне керемет ұнаған ізбасар жүйрікке берген батасы еді. Барлығы «Әумин!» деп қабыл алды.

- Дәулеткерей мырза, біздің елге келіп, осынша ықыласпен төріміздің сәні болып отырғаныңыз үшін Сізге рахметіміз мол! – деді дастарқан жүргізуші, - енді қонақ кәде ретінде сіздің өнеріңізді көруге құмармыз. Мына біздің Өскінбайжанға сабақ, үлгі болсын! Дәулеткерей бір көмекшісіне иек қақты. Ол әлгінде үйге кіргізілген бір ұзынша қорапты ашып еді, ішіндегісі жұқа ақ киіз бен мақпалға оралған домбыра екен. Жұрт таңданысып қалды.

Біреу сыбырлап: «Япыр¬ай, төренің домбырасы да төре болады екен-¬ау!» – деп еді, оны естіп қалған Дәулеткерей күліп:

- Жоқ, тек төренікі емес, бүкіл қазақтың домбырасы – төре! Бұл құдіретті, қасиетті дүние, сондықтан оны қастерлеп ұстау керек. Қалай болса солай қарауға болмайды. Біреулер домбыраны есін білмейтін баланың қолына беріп қояды. Бала қанша тәтті болғанымен, домбыра ойыншық емес, адам жанына ол да тәтті, соны түсіну керек, – деді ол.

Содан домбыраны әлгі қораптан құндақтан шешіп алған баладай емірене құшағына алды да, сипап, ішектерін қағып жіберді. Дың еткен дыбыс домбыра бұрауының бәз қалпында екенін сездірді. Оның домбырасының үні өзгерместен тек бір бұрауда тұрады дейтіні рас екен. Үлкен толғаныс, тербеліс үстінде бір күйді бастап кетті. Үнде бір терең ой, санаға әуен толқыны құйылып, жанды тербей жөнелді. Бұл Дәулеткерейдің дүние¬ғапыл, өмірдің өзегіне арналған пәлсапалық туындысы - «Жігер» еді. Оған жалғасып, тағы керемет күйлері ақ боз үйдің шаттығын шалқыта берді. Олардың қайсы бірін айтарсыз. Әсіресе, аса тылсым нәзік сезімді әйел сұлулығына арналған «Көркем ханым», «Жеңгем сүйер» күйлері көңіл қылын қытықтап, құмарды қандырғандай. Егде тартқан ұлы домбырашы мен балбұл жанған Өскінбайдай жас күйшінің өнерлеріне ауыл халқы рақаттана мәз болды. Біраз тыныстағаннан кейін Дәулеткерей жас өренге сауал қойды.

- Өскенбайжан, сіздер түрікпен деген елмен көршісіңдер. Олар да өнерлі халық деп айтады. Сол түрікпеннен не білесің? – деді.

- Білеміз аға! Олармен көршілес, кейде өнер таластыратын да жайымыз бар. Біраз саздарын үйренгенмін. Соның бірін тартып берейін. «Көроғлы» деп аталады, – деді Өскінбай.

- Иә естуім бар, «Көроғлы» деген тек түрікпен емес, жалпы шығысқа ортақ дүние ғой. Ал, тартшы. Өскінбай күйді жүйіткіте дөңгелентіп тартып берді. Дәулеткерей мұны естігеннен кейін бір түрлі сезімге беріліп, көз жанары шаттанып, шабыттанып кеткендей болды.

- Ойпыр¬ай, күннен кейін күн туатыны рас. Күйден кейін күй де туады¬ау! Өскінбайдың «Көроғлысын» тыңдағаннан кейін менің көкірегіме бір саз келді. Тыңдашы! – деп домбырасын төкпектете жөнелді. Міне қадірлі оқырман, Дәулеткерей шығармашылығының бір сәні – «Көроғлы» күйі осылайша, адайлар арасында, Өскінбайдың қасында дүниеге келген еді. Дәулеткерейге сый-¬жоралғылар жасалынды. Керемет өрнекті мауыт шапан жабылып, алдына арғымақ тартылды. Тағы¬-тағы нелер сәнді бұйымдар ұсынылды.

- Рахмет ағайындар, құрметтеріңе ризамын! Мынау дүние дегендер уақытша нәрселер, қолдың кірі, бүгін бар да ертең жоқ. Ал мен сіздерден мәңгілік бір сыйлық алып барамын, ол Өскінбайжан себеп болған, «Көроғлы» күйім! – деп, Өскінбайды бауырына қысып, маңдайынан иіс¬ кеп, тағы да батасын беріп, аттанды. Қонақтар кетіп бара жатқанда күйді әлгі сәтте құлағына құйып, қағып алған Өскінбай Дәулеткерейдің «Көроғлысын» қошаметке тартылатын салтанатты әуен секілді екпіндете тартып тұр еді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (15/02/2021)
Просмотров: 193 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: