ТОПАН және ЖІГЕР Исатай мен Махамбет өлгеннен кейін Құрманғазы көпке дейін төрелермен қырғиқабақ болып жүріпті. Дәулеткерейдің де шабармандарына айбат шегіп, талай рет айтатынын айтыпты. Күндердің күнінде Құрманғазының ауылына Дәулеткерейден хабаршы келді, төре бүкіл домбырашыны өзінің ақ ордасына қонаққа шақырып жатыр. Бірақ бұл шақырыстың бір шарты бар: «Егерде Құрманғазы бұрынғы күрең қабағын қойып табалдырығымнан аттаса ғана басқалар шақырылады деп сәлем айтты төрем», - дейді шабарман. Құрманғазы ары ойлап, бері ойлап, ақырында Дәулеткерейдің ауылына аттаныпты. Төре қонақтарды жатқызып қойып көпке дейін келмепті. Ақыры бір аптадай жатып, қонақтар ақылдасыпты. Осылай қымыз ішіп, ет жеп жата береміз бе, Бапас енді көрінбесе, ауылымызға қайта береміз десіпті. Сонда ғана Дәулеткерей қонақтарына келіп сәлем беріпті. Жұмысбасты болғанын айтып кешірім сұрап, қонақтармен мәжіліс құрып отырыпты. Содан домбырасын алдырып, құлақкүйін келтіріп айтты дейді: «Жамиғат, мен сендерді үлкен бір себеппен шақыртып едім. Жаңадан екі күй шығардым. Менің сыншым сендерсіңдер. Сендер не айтасыңдар — сол болады. Топан және Жігер деген екі бүркітім бар еді. Аңға шыққанда сол екеуінен бірдей айырылдым. Біреуі тасқа түсіп өлді, біреуін көкжал қасқыр шайнап өлтірді. Міне, сол күйді тыңдаңдар». Бүкіл Бөкейдің күйшілері таңғажайып екі күйді тыңдап, ұнатып, сол жерде жаттап үйреніп елді-елге таратып алып кетіпті. Басқалар аттанып жатқанда Құрманғазы төренің ауылында қалып қойыпты. Келесі күні жолға шыққанда, Дәулеткерей төреде жоқ әдетпен қонағын бір көш жерге шығарып салыпты. Сонда ауылдан ұзағаннан кейін Құрманғазы дүрс етіп аттан түсіп, Дәулеткерейдің үзеңгісінен ұстап тұрып кешірім сұрапты. Сөйтсе бұл екі күй, шындығында, Исатай мен Махамбет сынды екі қыранға арналған екен ғой. «Мен ақ патша мен қазақтың арасындағы дәнекермін. Ал Исатай мен Махамбеттей ерлерім өлгенде мен де осы алаш құрлы қайғырдым. Мені сөкпеңдер» дегені екен ғой Дәулеткерейдің. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 183 | |
Всего комментариев: 0 | |