КӨКЕК ТОҒАЙ Сырдариядан бөліне қашқан Қараөзек бойында тобылғысы толықсып, шиесі гүл ашып, талы сылаңдап өскен қалың тоғай болады. Соның шетінде ел қоныстанып, ағашына құстар мекендепті. Күн батып, ай туғанда ұл-қыздары ауыл маңына алтыбақан құрады екен. Олар салған ән аспанды шарлап, даланы өрлеп тоғай арасын аралап кетеді. Талай жас жүректер осы алтыбақан басында табысыпты. Құпиялы сырлар осы тоғай ішінде айтылыпты. Тоғай ішін мекендеген құстардың да өз думандары жетерлік. Олар да өмірді жырлапты. Сарыауыз балапандардың қанаты қатайып, кең аспанға осы тоғай үстімен ұшады. Олар қайда жүрсе де, туған жерін сағынып, оның қадірін ән қылып жырлайды екен. Құстардың ішіндегі ең сұңғыласы, ең әншісі – көкектер болыпты. Көкек үніне адамдардың құлағы әбден үйренгені соншалық, олар бір күн сайрамаса бүкіл ел болып елегізіп, ең қымбатын жоғалтқандай, кәдімгідей іздеп отырады. Көкектер қайта сайраса, беттеріне қан жүгіріп, бойларына ас сіңіп, астына мінген аттары да бүлкілдей түседі. Осындай ардақты құсы бар тоғайды ел-жұрт «Көкек тоғай» деп атап кетеді. Күндердің күнінде аспанды бұлт басып, көк күмбезінде жарқ-жұрқ найзағай ойнайды. Тоғайға түскен жайдан ағаштар тұтанып, орман отқа оранады. От-жалыннан ауыл тұрғындары үдере көшіп, құстар безе бас¬тайды. Кеше ғана жердің – сәні, құстардың базары болған «Көкек тоғай» қалың өрт құшағында қалады. Аспан бұлтты болса да жерге тамшы тамбай, даладан ескен аңызақ жел өрттің аумағын үлкейтіп, өр салған өртті жел күшейте түсіпті. Ағашы – отын, көлеңкесі – сая, мәуесі – жерік ас болған тоғайды бұл өрттен қалай құтқарарын білмей әбден дағдарған халық аспанға қол созып, Тәңірге құлшылық етеді. Бірақ тілектері орындалмайды, жауын жаумайды. Сол бір абдыраған қиын шақта халық алдына қос ішекті домбырасын ұстаған күйші шыға келеді. Ол түнерген аспанға тұнжырай қарап, өртенген тоғайға еміріне көз тігіпті де домбырасын қағып-қағып қалғанда, қос ішектен бір әсем күй төгіледі. Аспан ішін тартып, тоғай күрсінгендей болыпты. Аспанның көбесі сөгіліп, ақ жауын себелей жөнеліпті. От сөніп, өрт тоқтапты. Тоғайдың бір бөлігі аман қалып, құстар жайлы орнына жайғасады. Сол күйдің аты – «Көкек тоғай» аталыпты. Оны жадында сақтап, домбырасымен тартып, осы күнгі ұрпаққа аңыз қылып жеткізуші – Сыр бойының әйгілі күйшісі Досжан Құрақұлы екен. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 212 | |
Всего комментариев: 0 | |