Күй аңызы

КҮНТАЙ

Бір рет жолы түсіп, дәулескер күйші — Есір Айшуақұлы Сам ағасының ауылына қонаққа келеді. Атақты өнерпаз келгесін ауыл ағасы да құрқол қарап қала ма?! Мал сойылып, қазан көтеріледі. Алыс жолдан шаршап келген күйші сәл тыныққаннан кейін, қолына домбырасын алады да, ауылды күй әуеніне бөлейді. Шынайы өнерпаздың өнеріне сүйсінген ауыл жұрты түгел жиналады. Ымырт үйіріле бастаған кез. Жұрт малын жайғап болып, Сам отағасының үйінің маңына жиналады. Үй сыртындағы ағаш төсектің үстінде отырған. Есір күйші шалқар шабытпен бір ерекше сезімге бөленеді.

Самның әйелі Күнтай жеңгей осы үйге келгелі күйші қайнысына ерекше ілтипат көрсетеді. Күнтайдың қимылы ширақ. Нан илеп отырған кезде күй әуеніне ілесіп, өзін-өзі жеңе алмай, балқып кеткендей болады. Кешкі оттың жарығы жүзін алаулата шарпып, еңсесін асқақтатып жібергендей көрінсе, құдіретті әуен тұла бойына тылсым күш бергендей. Осы сәтте Есірдің домбырасынан бұрын құлаққа естілмеген тың әуен өрлей бастайды. Күнтай да бұл дыбысқа одан әрі елітіп, өзіне-өзі ие болудан қалғандай, бөлекше күйге түседі. Басындағы жаулығының орамы жазылып, бетіне түсіп кеткенімен, оған қарайтын әйел жоқ. Айналасына да көңіл аударар емес. Есіл-дертін күй әуеніне билетіп алған ол, бір кезде қолындағы илеп жатқан нанының жерге түсіп кеткенін де аңғармайды.

Күй әуенімен үйлескен оның қимылы ерекше әсемдік танытып, ары қарай жалғаса береді. Осының бәрі күйшінің көзінен тыс қалмайды. Тіпті күйді тарта отырып, бар назары Күнтайға ауды десе де болады. Күй жоғарылаған сайын тыңдап отырғандар үннен қалғандай, мүлдем тым-тырыс күйге түседі. Тіпті үлкендердің өзі де әуенді бұзуға бата алмай, дыбыссыз отырады. Аспанға шарықтап барып, бір кезде күй де үзіледі. Отырған кісілердің барлығы да есеңгіреп қалғандай, бірден үн қата алмайды. Күй ырғағымен бірге қимылдаған Күнтай жеңеше де бетіне түскен жаулығын ысырып тастап, көзін жоғары көтереді. Өзі әбден терлеп, күймен бірге балқып, балбырап отыр екен. «Мынауың біз бұрын естімеген ерекше әуен ғой. Өзі қалай аталады екен?» деп терін сүрте отырып, жөн сұрайды. «Естімейтін жөндеріңіз бар, — дейді Есір де бойын тіктеп, бет-аузын сүртіп. — Өйткені бұл күй осы сіздердің алдарыңызда тұңғыш рет орындалып отыр. Қазір ғана шықты. Күнтай жеңеше, сіздің ерекше ілтипатыңыз, маған деген ықыласыңыз, айналаңызға деген пейіліңіз осы күйдің өмірге келуіне себепші болды. Сондықтан да мен бұл күйімді «Күнтай» деп атасам деймін» — депті.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/10/2020)
Просмотров: 206 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: