Күй аңызы

ЖАЛТАҢ ҚАРҒА

Жапан далада өлексеге қонып, жемтік шоқыған қарға балапандарына ақыл айтыпты, деп басталады аңыз. «Балапандарым, мен қартайдым! үш жүз жасқа келдім. Өмірде көпті көрдім, көптеген нәрселерге куә болдым. Ал енді сендерге айтар ақылым: әрдайым сақ болыңдар. Жейтін жемтіктеріңді екі шоқып, айналаға бір қараңдар», — дейді. Сонда анасына қосылып жемтік шоқыған қарға балапандарының бірі дереу басын көтеріп алыпты.

— Ләббай, қамқоршы ана! Айтқаныңның бәрі мақұл, қабыл алдық. Бірақ біз екі шоқып, айналаға бір қарағанша, бір шоқып, айналамызға екі қарасақ, қалай болар екен, — депті-міс.

* * *

ЕМЕН ТОЛҚЫНЫ

Ертеректе Қара Ертісте мұз қатысымен, ел өтіп аржағына қыстайды екен. Бабақан би бастаған бір зәңгі ел, ежелгі әдеті бойынша көшіп, мұздан өтпек болады. Бабақан бірнеше адаммен мұздың аржағына өтіп, аттарынан түсіп, мұзға таңырқай қарап тұрады. Көшкен ел мұз ортасына келе бергенде, мұз ойылып, бір зәңгі ел мұз астына кетіпті.

Бабақан—80 жаста, он балалы адам екен. Бірнеше баласының отауы да бар екен. Бұлар тұтас мұз астына кетіпті. Басқалар Бабақан биге тоқтау айтса да, елі-жұртын, бала-шағасын ойлап қайғы-зарға батып жүреді екен. Бұл хабарды естіген Қайрақбай бір сыбызғы күйін тартып, Бабақанға тоқтау айтыпты:

—Еменнің иілгені сынғанмен тең, сен еменсің, иілмейсің,
қайғыға майысып сынасың, бірақ Емен толқиды, иілмейді. Қайғы адамды толқытады, адам шыдамды болу керек,—деген екен.

Сондықтан бұл күйдің атын «Емен толқыны» деп қойған екен.

* * *

АҚБАЙ

Ақбайдың Әубәкірі Құрманғазының торы аты жөнінде хабар естиді. Торының құнан күнінде-ақ бәйге бермегенін жеткізушілер үлкейтіңкіреп аңызға айналдырады. Өзімшіл Әубәкір: «жалаң аяқ Құрманғазыға ондай ат қайдан бітті дейсің, біреуден ұрлап алған шығар, барып тартып алып келіңдер, іздеп келсе, көресіні көрсетерміз ол қарақшыға», — деп екі кісі жібереді.

Құрманғазы екеуін екі ұрып аттан түсіріп, босқа арам тер болып старшынның сойылын соғып жүргендерінің ұят екенін бетіне басып: «Көрген-білгендеріңді Әубәкірге айта барыңдар», — деп қоя береді. Құрманғазы Әубәкірдің өзіне өштесіп қалғанын, оның тағы да соңынан жарық алып түсетінін біледі. Дос-жарандарын шақырып алып, старшынның мына шексіз зорлығын әшкерелей, масқаралай шығарған жаңа күйін таратады. Күйдің басында біраз қайғылы хәлдер суреттеледі. Ол қайғы тереңдеп кеңейіп, ыза-ашу ноталарына айналады.

Кенет Құрманғазыға тән тағы күн жапқан бұлттың ыдырағанындай жасық дыбыстар қала тұрып, күй көңілденіп, шырқап, домбыраның сағасына қарай сырылып, аттың дүрсілі естілгендей тыңдаушыға құлақ түргізеді. Осы бір күш, қажыр суретті қайталап тағы күшейеді. «Үмітсіз сайтан ісі» дегендей алдан жақсылық күнін күткендей жаймашуақтанады да, тағы кенет ауыр ой, терең қайғыға көшеді. Бұл ауыр жағдай да ұзаққа созылады. Домбыраның сағасына барып біраз «мұңын халқына шаққандай» тақырып пернелер арқылы өтіп, сол кейіп, сол үнінде жайлап, асықпай кейін қайтады. Бастағы ауыр жайды
суреттейтін шырқаған, зарлаған тақырып қайта бір көрініп, күй аяқталады. Жиналған жұрт көп уақытқа шейін томсарып отырып қалады.

Біраздан кейін бастарын көтеріп, күйдің аса терең мазмұндылығын әңгіме етеді. Күйшінің анасы Алқа тұрып: «мұның аты—бізге күн көрсетпей қойған Әубәкірдің әкесі Ақбайдың атымен аталсын. Сенің әкеңнің көп жылдар бойы бермеген ақысы үшін, сені талай жәбірлегені үшін, халқыңа Ақбайдың арам атын әйгілеу үшін домбырадан ғана өшіңді аларсың» дейді. Жиналған жұрт бір ауыздан күйдің атын «Ақбай» қоялық дейді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (31/08/2020)
Просмотров: 231 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: