Футболдан Еуро - 2020 қарсаңында

ФУТБОЛДАН ЕУРОПА БІРІНШІЛІКТЕРІНІҢ ТАРИХЫ: 1984 ЖЫЛ ...

Кәрі құрлықтың жетінші біріншілігінің ақтық жарыстары 12-27 маусым аралығында Францияның Лан, Лион, Марсель, Нант, Париж, Сент-Этьен, Страсбур қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сегіз құрама команда қатысты. Төрт командадан екі топ, әр топтан бірінші және екінші орынға ие екі команда жартылай финалға шығады, одан кейін ақтық кездесу өткізу жүйесімен түзілді. Француз алаңдарында өткізілген он бес кездесуді 599655 жанкүйер тамашалады. Жиыны 41 доп қақпа торында тулады.

Аталмыш құрлық біріншілігінде фантастикалық ойын өрнегін түзген Франция және Дания құрама командалары айырықша көзге түсті. Ал француз ойыншысы Мишель Платини рекордтық тоғыз гол соқты.

В тобында өнер көрсеткен Испания, Португалия, ГФР, Румыния төрттігінен жартылай финалдық кезеңге испандықтар мен португалдықтар шықты. Жарыс жолынан шығып қалған немістердің салы суға кетті. Ал А тобында ойнаған Франция, Дания, Бельгия, Югославия арасындағы кездесулер қызығырақ өрбіді.

Біріншіліктің беташары Франция – Дания кездесуімен ашылды. 81-минутка дейін қос қақпаның құлыбын ашатын кілт табылмады. Дат ойыншысы Клаус Бергреен шапшаң да айлалы Мишель Платиниді қанша қарағыштағанымен, бір сәтте одан бір сәтке көз жазып қалды, есесіне, француз өз мүмкіндігін мүлт жібермей, командасына жеңіс әперді.

Югославияға қарсы өткізген топтағы екінші ойында Дания құрама командасы керемет жағынан танылды. Кездесудің басында соққан екі голмен шектелмеген даттықтар ойын соңына дейін тағы үш гол соғып, азулы қарсыласты 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

Араға үш салып Дания құрама командасы 3:2 есебімен Бельгия құрамасын қапыда қалдырды да, жартылай финалға шығып кетті.

Осыдан төрт жыл бұрынғы құрлық біріншілігімен салыстырғанда, бұл ақтық жарыстарда екі жартылай финалдық кездесу болды. Испания Дания құрамасын ұтты да, ақтық ойын жолдамасын қалтаға салды.

Екінші жартылай финалдық жұпты Франция һәм Португалия құрама командалары құрады. Ойын тізгінін француздықтар мықтап ұстады. Кездесудің 24-минутында айып соққысын орындаған француз қорғаушысы Филипп Домерг есеп ашты. Екінші тайм барысында да португалдықтар қақпасы маңында қызу ойын болды. Ал 74-минутта француз қақпашысы Жоэль Батстың өрескел қателегінен соңғ португалдық ойыншы Жордао таразы басын теңестірді де, ойын тағдырын қосымша уақыт еншісіне қалдырды. Қосымша уақыттың басында португалдық Шалан тағы бір гол соқты. Өз жанкүйерлері алдында әбігерге түскен француздар көп қиналды. Ақыры қосымша уақвт аяқталуға жеті минут қалғанда Платинидің дриблингісін Домерг сәтті аяқтап, есепті тағы да теңестірді. Он бір метрлік айып соққысы сериясы қылаң бере бастады. Бірақ соңғы минутта француздық Жан Тигана қапталмен зымыранша ағып, айып алаңына соққы жасады. Оны Платини қабылдады да, жеңіс голын соқты.

Франция мен Испания арасындағы ақтық кездесуде Мишель Платини кезекті голын соқты. Ал кездесудің шымылдығы түрілер шақта Бруно Беллон тағы бір гол соғып, Франция құрама командасына 2:0 есебімен жеңіс сыйлады.

Осылайша, Франция құрама командасы өз алаңдарында Еуропа құрлығының жеңімпазы тәжін киді.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (02/03/2020)
Просмотров: 289 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: