ФУТБОЛДАН ЕУРОПА БІРІНШІЛІКТЕРІНІҢ ТАРИХЫ: 2012 ЖЫЛ ... Кәрі құрлықтың он төртінші біріншілігінің ақтық жарыстары 8 маусым – 1 шілде аралығында Польшаның Варшава, Познань, Гданьск, Вроцлав қалаларында һәм Украинаның Киев, Донецк, Харьков, Львов қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы он алты құрама команда қатысты. Төрт командадан төрт топ, әр топтан озып шыққан екі команда ширек финалға шығады, одан кейін олимпиялық жүйемен түзілді. Польша және Украина алаңдарында өткізілген отыз бір кездесуді 1440896 жанкүйер тамашалады. Жиыны 76 доп қақпа торында тулады. Испания құрама командасының Еуро – 2012 ақтық ойынына шығатынын көптеген білгір мамандар алдын-ала болжап қойды. Дегенмен финал сценарийі дәл осындай болады деген әңгіме болған жоқ. Висенте дель Боске жаттықтырған «қызыл фурия» топтық кезеңнің алғашқы ойынында Италия құрамасына қарсы ауыр ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. Кейінгі екі ойынның алғашқысында Солтүстік Ирландия құрамасын ірі есеппен, Хорватия құрамасын зорға дегенде ұтып кетті. Хорваттардан жеңіліп қалған жағдайда испандықтар жарыс жолынан шығып қалатын еді, бірақ 88-минутта Хесус Навас соққан голдың арқасында біріншілікті жалғастыруға мүмкіндік алды. Ширек финалда Франция құрамасымен кездескен дель Боске шәкірттері айтарлықтай қиналыс көрген жоқ. Ал жартылай финалда Пиреней түбегі бойынша көршілері Португалия құрамасына қарсы ойында тер төгулеріне тура келді. Паулу Бенте баптаған һәм Криштиану Роналду бастаған португалдықтар Еуропа чемпиондарына қарсы тегеурінді қарсылық көрсетті. Тіпті кей сәттерде олар испандықтарды ұтып кетеді-ау деген сезім қылаң берді. Қорғаныста аса сақ ойнаған қос команда 120 минут бойы бір-біріне гол соға алмады. Он бір метрлік айып соққысы сериясында испандық ойыншы Сеск Фабрегастың соққысы «қызыл фурияға» жеңіс әкелді. Италия – Анлия құрама командалары арасында өткен ширек финалдық ойында да тағдыр он бір метрлік айып соқысы сериясында шешілді. Бұнда біріншілік бойында тамаша ойын өрнегін түзген итальяндық ойыншы Андреа Пирлоның дәл соққысы «скуадра адзурраны» жартылай финалға алып шықты. Жартылай финалда Германия құрама командасымен болған кездесуде итальяндық ойыншы Марио Балотеллидің қос голы Италияға жеңіс әкелді де, ақтық ойынға жол ашты. Плей-офф кезеңдеріндегі ауыр ойындар итальяндықтар үшін ізсіз кеткен жоқ. Ақтық ойында осынау ауырлық ақыр соңында сыр берді. Әлдеқайда тың испандықтар ойын тізгінін қолдарында мықтап ұстады, ойынды бақылады. 14-минутта Давид Сильва баспен соққы жасап, испандықтарды алға шығарды. Үзіліске сәл уақыт қалғанда Жорди Альба есепті еселетіп, Чезаре Пранделли шәкірттерін қиын жағдайда алдырды. Ойын барысында қажетті үш ойыншыны ауыстырып үлгерген сәтте итальян ойыншысы Тьяго Мотта ауыр жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмайтын болды. Содан 28 минут бойында «скуадра адзурра» алаңда он ойыншымен ғана шайқасуға тура келді. Онсыз да әлсіреп қалған итальяндықтарды испандықтар аямады: Фернандо Торрес пен Хуан Мата тағы бір-бір гол соғып, есепті 4:0-ге жеткізді. Осылайша, Испания құрамасы тоқсан екі жылдың жүзінде Италия құрамасын ресми кездесулерде тұңғыш рет ойынның негізгі уақытында жеңді. Осынау ақтық ойынның нәтижесі Испания құрамасына ірі халықаралық жарысты қатарынан үшінші рет жеңуге мүмкіндік жасады. Бәрекелді, «қызыл фурия»! жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 272 | |
Всего комментариев: 0 | |