ФУТБОЛДАН ЕУРОПА БІРІНШІЛІКТЕРІНІҢ ТАРИХЫ: 1964 ЖЫЛ ... Кәрі құрлықтың екінші біріншілігінің ақтық жарыстары 17-21 маусым аралығында Испанияның Барселона һәм Мадрид қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы төрт құрама команда қатысты. Жартылай финал, финал жүйесімен түзілді. Испан алаңдарында өткізілген төрт кездесуді 156253 жанкүйер тамашалады. Жиыны 13 доп қақпа торында тулады. Еуропа Кубогінің екінші додасына жиырма сегіз елдің құрамалары қатысты. Әуелгідей ГФР һәм басқа құрамалар қатысудан бас тартты. Есесіне итальяндық және ағылшындық футбол федерациясы қатысуға шешім қабылдады. 1964 жылдың маусымында Мадридте өткен УЕФА конгресінің отырысында отыз елдің өкілдері қатысты. УЕФА-ның бас хатшысы Ханс Бангертердің баяндамасында тек екінші рет болғалы тұрған құрлық біріншілігінің маңызы пәрменделді. Осыдан соң УЕФА президенті Густав Видеркер Еуропа Кубогін Еуропа біріншілігіне ауыстыруды ұсынды. Оның ойынша, алдымен іріктеу жарыстарын өткізу қажет екен, кейіннен озып шыққан мықты құрамалар арасында олимпиадалық жүйемен ақтық доданы өткізу керек. ХХ ғасырдың 60-жылдары ортасында 1/8 финалда Голландия құрамасының Люксембург құрамасынан жеңілуі қалыбынша қабылданды. Ол кезде екі құраманың футболдық деңгейі ұқсас еді, сондықтан да голландықтардың жеңілісі ешкімді таңқалдырған жоқ. Шап-шағын люксембургтік команда жартылай финалға шыға жаздағанын атап өткеніміз жөн. Дания құрамасымен өткізген екі ширекфиналдық кездесуде олар тең ойнады (3:3, 2:2), ұлттық құрамалар арасындағы кездесуделрде ол кезде сырт алаңда соғылған голдардың басымдығы ескерілген жоқ. Сондықтан үшінші кездесуді өткізу қажет болды. Амстердамда өткен кездесуде дат футболшылары 1.0 есебімен жеңіске жетіп, ақтық додаға жолдама алды. Отыз екі градустық ыстықта Мадридте испандықтар мен венгрлер кездесті. Ойынды көргендердің айтуынша, шыжыған ыстық венгрлерге ықпал еткені соншалық – олар әдеттегіден баяу қимылдады. Кездесудің 33-минутында испандық Переда командаласы Суарестен тамаша пас алып, венгрлік қақпашы Сентмихайға гол соқты. Екінші тайм басында испандықтар шабуылды үдетті, венгрлік қақпашы бірнеше рет керемет сейвтер жасап, қақпасын екінші голдан аман қалып отырды. Алаң иелері сапында соз мезетте Марселино, Суарес һәм Переда жасындай жарқырады. Ойын аяқталуға он бес минут қалғанда венгрлер белсенділік танытты. Венглік ойыншы Альберттің таза соғылған голын бельгиялық төреші Артур Блавье ойыннан тыс қалды деген желеумен санамай қойды. Ұрымтал сәтте Бене қақпаға гол дарыта алмады... ақырында Бене испандықтардың айып алаңына пас жіберді, оған атыла асыққа Тихи қарсыластарынан айласын асырып, есепті теңестірді. Қосымша уақыт Венгрия құрамасының басымдығымен өтті. Манағы Бене гол соғатын екі бірдей тамаша мүмкіндікті пайдалан алмады. Қосымша уақыттың аяқталуына шақ қалғанда Переданың бұрыштама соққысынан соң испандық Амансио жеңіс голын соқты. Екінші жартылай финалда кеңестік футболшылар Дания құрамасымен өткізген кездесуде айтарлықтай қиындықтарды бастан кешпеді. Воронин есеп ашқаннан соң, КСРО құрамасы гол соғуға болатын бірнеше керемет мүмкіндіктер жасады, бірақ техникалық брак оларды жүзеге асыруға тежеу болды. Понедельник және Иванов бір-бір гол соғып, есепті 3:0 етіп, КСРО құрамасын осымен қатарынан екінші рет Еуропа біріншілігінің ақтық кездесуіне алып шықты. Мадридтің «Сантьяго Бернабеу» атты стадионында 1964 жылдың 21 маусымында 120 мың көрермендердің алдында ақтық кездесуде Испания һәм КСРО құрамалары ойнады. Осыдан төрт жыл бұрын билеп-төстеуші Франконың еркіме кездесе алмаған қос құрама команда текетіресті. Испандық генераллисимус бұл жолы құрметті қонақтар орнында жайғасты. Ақтық ойын, мамандар ескерткендей-ақ, сондайма тартысты түзілді. Гол салатын сәттер көп болған жоқ. Әр соғылған гол шешуші болатындықтан, қос құраманың қорғаушылары қырағылық танытты. Испандықтардың барлық шабуылы Суарес арқылы өрбіді. Ол өзінің жоғары сапалы техникасы арқылы Амансионы, Лапертті, Марселиноны алғы шепке шығарып отырды. Кездесудің 6-минутында Суарес кеңестік ойыншы Шестерневтің үстінен әуелетіп допты асырып, алғы шепке ұмтылған командаласы Передаға дәл пас жұмсады. Ал ол өз кезегінде жақын тұстан қапаға гол соқты. Араға екі-ақ минут салып, кеңестік футболшылар есепті теңестірді. Шабуылда да, қорғаныста да әр доп үшін белсене таласқан Хусаинов Ворониннен пас алды да, қарсыластың айып алаңына кірді де, испандық қақпашы Ирибарға гол соқты. КСРО құрамасының қорғаныс шебінде орын алған проблемалар оның құрамында орталық қорғаныста ойнауға дағдыланып қалған бес бірдей қорғаушының – Шустиков, Шестернев, Мудрик, Аничкин һәм Корнеев – болуымен байланысты болды. Испандықтар бұған дейінгі жолдастық және ресми кездесулерде бірталай гол соққан Понедельникті жіті бақылады. Оған қарсы ойнаған испандық қорғаушы Оливелья кеңестік шабуылшының аяғын шалудан жалықпады. Тіпті кездесудің бір сәтінде Понедельникке медициналық көмек көрсетуге тура келді. Екінші таймда кеңестік ойыншылар өздерінің шабуылдық пәрменін жолға қоя алмады. Қорғаушылар тек допты қалайда жолатпаумен айналысты. Ал бұл шабуылшылардың адымын аштырмауға қолбайлау болды. Арагідік шабуыл жасауға аз-ақ мүмкіндік туындаған кезде кеңестік шабуылшылар тым баяу қозғалды. Екінші тайм аяқталуға алты минут қалғанда Переданың қиыс тепкен қатты әуелеген соққысын қақпаға баспен бағыттаған Марселино жеңіс голын соғып, Испания құрамасын Еуропа құрлығының жаңа жеңімпазы етті. Итальяндық футбол федерациясының жаттықтырушысы Джованни Ферраридің ойынша, «Еуропа Кубогінің екінші додасы жақсы командалардың бірнешеуін ашты. КСРО құрама командасына ерекше құрмет көрсету қажет. Екінші мәрте қатарына ақтық ойында өнер көрсету – үлкен жетістік». жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 288 | |
Всего комментариев: 0 | |