Білімдену толқынында
ОҚЫТУ ҚАҒИДАТТАРЫ
Кез келген мемлекеттің баянды болашағы – білімді өскелең ұрпақтың, яғни жастардың қолында. Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық-әлеуметтік саласында жүргізіліп жатқан өзгерістер білімденуден тыс қалмауда. Сондықтан да болар отандық білім жүйесінде мемлекеттің ұстанған саясатының ауқымы кеңейіп, білім беруді жаңғырту, жаңарту һәм жетілдіру талабына сай оқыту үдерісін айтарлықтай технологияландыру, керек десеңіз инновацияландыру, жұмыстары жедел қарқынмен жүргізілуде. Бұл мемлекетіміздің жаһанның ілгерінді елдер қатарына қосылу мақсатынан туындап отырғаны мәшһүр. Білімденуде тапсырманы деңгейлеп оқыту қағидаты арқылы оқушылар мектепте алынатын міндетті бағдарламаға қоса өздерінің мүмкіндік, шығармашылық талаптарының ашылып өсе түсуіне жол табады, яғни сөздік-терминдік қорларын кеңейту, әртүрлі жағдайларға қатысты актив сөздерін байыту, дайын оралымдарды ұтымды пайдалану, тіл һәм ойлау жүйесін байланыстыру арқылы әр шәкіртті қандай да бір пәнде еркін сөйлесе алатын, пікірлесе алатын дәрежеге жеткізеді. Ал оқытудың қатысымдық қағидаты бойынша мектеп оқушыларының игерген білімдері тәжірибелік өмірде, тілдік қарым-қатынаста орынды қолдануды үйрету көзделеді. Ұстаз осынау қағидат бойынша оқушыға басқа біреудің айтқан сөзін тындап, дұрыс ұғуды, өз ойын бүкпесіз, жасқанбай, анық әрі дәл жеткізе білуді, оқулықтағы жадығаттар мен пайдалы әдебиеттерді оқып, түсінуді, өзінің ой-пікірін толық жазып жеткізуді, тілдік қарым-қатынаста сөйлеу әдебін сақтауды мықтап қалыптастыруы қажет. Мына қағидат арқылы оқушылардың тіл мәдениеті жетіліп, дербес тұлғалық қабілет-қарымдары дамиды. Себебі сол оқушыны қайсыбір пәнді жетік білуге, тілдесім мәдениетінің сапалы болуына дағдыландыру – баянды болашақ ұрпақты ұлттық-өркениеттілік сана-сезімде тәрбиелеп шығарудың негізгі құрамдас бөлігі. Әңгіме эстафетасын алып отырған мазмұнды көкейкестілендіру қағидаты оқушылардың зерттеу, ізденімдік қабілеттерін дамыту үшін тапсырмалардың проблемалық сипатта болуын талап етеді. Бұл қағидат бойынша мұғалім арнайы көкейкесті тапсырмалар арқылы оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттері һәм белсенді танымдық әрекеттерін қалыптастыруда нысанды жұмыс жүргізеді. Оқыту мазмұнын проблемаландырудың мақсаты – оқушылардың кез келген пәннің негізгі ерекшеліктері мен заңдылықтарын жаттанды түрде меңгермей, түрліше өмірлік жағдаяттарда қайсыбір пәндер арасындағы өзіндік айырмашылықтарын салыстыра отырып зерттеу, ізденімдік әдістерін жүргізіп, жаңа ақпаратқа қол жеткізуді ұйымдастыру. Оқыту мазмұнын көкейкестілендіру жұмыстары шәкірттердің шешімдерді өздігінен табу жолдарын ұдайы іздеуге дағдыландырады. Мұғалім мен оқушы арасындағы жаңа қарым-қатынас қағидаты ұстаздың шәкірттің жеке басын, оның жеке тұлғалық қабілеттерін, пікірлерін құрметтеуге бағытталған. Оқушылардың оқып жатқан тіліне қарай сөйлеуін қалыптастыру сабақтарында оқушы – субъект, яғни дара пікірі, өз әрекеттеріне баға бере алатын тұлға тұрғысында танылады. Оқушылардың білімдену тілінде қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыру сабақтарында шәкірт білімді игеруде өз бетінше ізденістер, зерттеулер жүргізіп, өтілген жадығаттарды өздігінен меңгеруге ұмтылса, ұстаз оқушының әрекеттерін бағыттаушы кейпінде болып, оқушының ізденімдік, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге ұмтылады. Сондықтан «дамыта оқыту жүйесінде» мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар өзара ынтымақтастық, өзара сыйластық, өзара түсіністік сияқты қасиеттер де. Бала өз ойын қорықпай, сеніммен айта алатындай ахуал болуы басты назарда ұсталынады. Ал ол үшін оның әрбір жауабы мұқият тындалып, дұрысы ынталандырылып, қатесі ақылмен түзеліп отырылады. Сол сияқты эмоционалдық қағидат оқушының іс-әрекетіне, табиғи даму заңдылығына байланысты өрбиді. Мұғалім сабаққа жоғары көңіл күйде келіп, сабақ өткізетін болса, оқушының да көңіл күйі көтеріліп, сабақтағы жадығатты игеруге деген ынта-ықыласы артады. Ал кері байланыс орнату қағидаты шәкірттердің сабаққа күнделікті дайындалуын қадағалайды. Пәнді оқыту барысында әр оқушы күнделікті сабақта не үйренгенін, қандай жетістікке жеткендігін хабарлап отыруы қажет. Демек, оқушы әр сабақ сайын алған білімін тексертуі керек. Егер оқушы құр да меңіреу баға үшін ғана оқыса, онда білімдену ешбір жоғары һәм сапалы нәтиже бере алмайды.
әзірлеген ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
| |
| |
Просмотров: 1242 | Комментарии: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |