ШЫНТАСҰЛЫ ТӨРЕХАН Төрехан – батырлық дастан. Шығарманың екі нұсқасы бар. Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин жырлаған бірінші нұсқа 1940 жылы жазылып алынған. Көлемі 1050 жол. Екінші нұсқаны атыраулық Б.Сариманов ел аузынан жинап, қағазға түсіріп, 1941 жылы Тіл және әдебиет институты қорына тапсырған. Көлемі шағын бұл нұсқа 500 жолдан тұрады. Дастанда Төрехан батырдың әділдік іздеу жолындағы ерлік істері, сыртқы жаумен күресі баяндалған. Жыр нұсқаларының тілі көркем, сюжеті тартымды. Екі нұсқаның жалпы сарыны ұқсас болғанымен ішкі сюжеттік құрылымы, оқиға барысы жағынан айырмашылықтар кездеседі. Көлемі шағын нұсқада сыртқы жаумен соғысудан гөрі аға мен іні арасындағы алауыздық тақырыбы бой көтерген, әділ ханды көксеген халық арманы ертегілік қиялмен астасқан. Ал Нұрпейіс ақын нұсқасында соғыс сарындары көп ұшырасады, мұнда бас кейіпкер өз басына төнген қауіп-қатерді жақын достары арқылы білсе, екінші нұсқада түс жору арқылы алдын ала сезеді. Нұрпейіс нұсқасында Төреханның соғысатын жауы түрікпен деп нақты көрсетіліп, Қараман батырмен суреттелсе, келесі нұсқада ұлты белгісіз жау жағы Төреханның пікірлерінен қорқып соғыспайды. Алғашқы нұсқада Төреханды халық хан сайласа, екінші нұсқада батыр жауды жеңгеннен кейін барып хандық таққа отырады. Дастан Байғанин жинақтарында (1945, 1956), “Батырлар жырында” (1961, 2-том) жарық көрген, Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. баспаға әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 135 | |
Всего комментариев: 0 | |