ҚАРАБЕК БАТЫР «Қарабек батыр» – батырлық жыр. Жырдың екі нұсқасы бар. Шығыс Сібір татары Мәулікей Юмашев (1834–1910) жырды алғаш рет Омбы аймағы, Мұқыр өзенінің бойында тұрған Әлжан Шоқаманұлынан жазып алып, Қазан қаласында «Қисса-и-Қарабек» деген атпен кітап етіп шығарған (1882). Кітаптың ішкі мұқабасында «Қарабек пен Қараман қиссасы» деп көрсетілген. Жырдың бұл нұсқасы – 1825 жолдан тұрады. 2-нұсқасын 1940 жылы фольклорлық экспедиция мүшесі Марат Ахметов Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны, жыршы Жаңаберген Бітімбайұлынан жазып алған. Бұл нұсқа – 7500 жолдан тұрады. Екі нұсқаның негізгі мазмұны бір болғанымен, өлең құрылысы мен көлемінде көптеген өзгешеліктер бар. Әлжан нұсқасы толық болса, Жаңаберген нұсқасының соңы бітпеген. Алғашқы нұсқада оқиға Қарабектің қалмақ ханы Қараманға қарсы аттануымен басталса, екінші нұсқа – бас кейіпкердің әкесі Кәдірхан деген ханның Алладан бала тілеуімен басталып, Қарабектің балалық шағы тәптіштеліп баяндалады. Бірінші нұсқада Қарабек өзіне опасыздық жасаған қарындасын аяусыз жазаласа, екінші нұсқада – кешірім жасайды. Жырдың екі нұсқасының да тілі көркем, тартымды. Шығарма қара өлең және жыр үлгісіне құрылған, бірнеше тарихи оқиғаларда және батырлық жырларда кездесетін қартайған шақта перзент сүйген ата-ана, қорғаушы пірлер сияқты тұрақты сюжеттерді қамтиды. Мәулікей жазып алған Әлжан нұсқасы «Батырлар жырының» 1951 жылы (2-том), 1961 жылы (2-том) жинақтарында және «Ақсауыт» жинағында (1977, 2-кіт.) басылған. Жырдың екі нұсқасы да ҚР Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 149 | |
Всего комментариев: 0 | |