ЕР ҚОСАЙ Ер Қосай - батырлар жырларының бірі. Жырда 14 - 15 ғасырда өмір сүрген, тарихта белгілі Ер Көкше батырдың баласы туралы баяндалады. Жоңғарлардың қазақ даласына шабуылы 17 ғасырда басталады, яғни жырдағы соғыс оқиғалары осы кезден кейін қосылған сияқты. Жырдың бірнеше нұсқасы бар: а) В.В. Радлов орыс әрпімен қазақ тілінде бастырып шығарған Ер Көкше жырында көбінесе қара сөз араласып келеді. (Образцы народной литературы..., СПб.. 1870). Осы еңбектің үшінші томында жыр Көкше жайында басталғанмен, негізінде Ер Қосай туралы баяндалады; ә) Ер Көкше және оның баласы Ер Қосай деп аталатын нұсқаны Г.Н. Потанин орыс тілінде жариялайды (Казахкиргизские и алтайские предания, легенды и сказки, 1918). Бұлардан басқа біздің заманымызда жазып алынған А.Хангелдин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев нұсқалары, атақты жырау Мұрын Сеңгірбаев жырлаған нұсқа сақталған. Жырдың барлығының мазмұны ұқсас, негізгі тақырыбы - Отан қорғау, идеясы - ел бірлігін сақтау. Ш.Уәлиханов Қазақгың халық поэзиясының түрлері атты мақаласында (1958) Көкшетау округіндегі Қойлы-Атығай болысының қазағы Арыстанбайдың орындауында Ер Көкше - Ер Қосай жырын естігенін айта келіп, жазып алмағанына өкініш білдіреді және дастанды жоғары бағалайды. Е. Қ дастанының әр жылдары жиналған 7-8 нұсқасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Ер Қосай Құдайкеұлы (1507 – 1594) – халық батыры, Маңғыстау қазақтарының орта ғасырлардағы көсемі. Ер Қосай Қазақ хандығы дами түскен кезеңде өмір сүріп, қазақ ұлты мен мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан ірі тарихи тұлғалардың бірі. Әділдігімен, шешендігімен мәлім, Орта Азия халықтарының ынтымақты, бейбіт өмір сүруіне ықпал етті. Жер, су дауларын қантөгіске жеткізбей шешті. Бүгінгі Жаңаөзен қаласының қасындағы Ер Қосайдың бастауымен қойылған «Ер Сары қайрағы» қада тас белгісі тұрған жерде көрші халықтар өкілдерінің бас қосуы өтіп тұрған. Жорықтардың бірінде отбасы опат болған Ер Қосай екінші рет түрікменнің Ер Сары көсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан тараған алты ұл - Байбол, Тіней, Әйтей, Бөгей, Бәли, Сүйіндік (Жаманадай) кейіннен Қосай руы болып тарқаған. Одан қазақ ертегілеріндегі жезтырнақпен, таутайлақпен айқасып жеңген әйгілі Есекмерген, жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Қосайды батырлығы себепті Ер Қосай деп атайды. Бекет туылып, «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет, тілегімізді қабыл ет!» деп қашан пір Бекет атанғанға дейін Адай батырларының жауға шапқандағы, жалпы қалың Адайдың ұраны болатын Қосай – осы Ер Қосай. Адайлар жиын-тойда батаны Қосайдың ұрпақтарына жасатады, тіпті қол жинап, жауға аттанарда да қолдың басшылары: «Араларыңда Қосайдан кім бар?» деп сұрайтын болған. Егер Қосай ұрпағынан ешкім болмаса, онда жол оңғарылмайды деп, жорықты кейінге қалдырып отырған. Немесе сол маңдағы жақын ауылдарда бар болса, Қосай атаның ұрпағының үйіне түсіп, оның рухына бағыштап мал сойып, дәм беріп, құран оқытқаннан кейін ғана жолға шығады екен. Адай елі Сырдың бойын мекен етіп жүрсе керек. Көктем шығып, мұз түсіп кетпей тұрып, арғы бетке өтіп алайық дегенде, көштің алдында кеткен Қосайдың өзі аман қалады-дағы, қалған үш ұлы, алты немересінің ауылы түгелімен дарияның ойылып кеткен мұзының астында қарап болады. Қолынан келер қайран жоқ, «Ей, Алла-Тағала, соңымды бер, соңымды берсең оңымды бер!» деп тілек айтуға ғана шамасы келеді. …Бірақ, қаншама қайратты ер дегенмен, қарт батыр жылай-жылай екі көзінен айрылып, суқараңғы соқыр болып қалады. Кейіннен Түрікменнің Оғылмеңлі есімді қызына үйленеді. Оғылмеңлі ақылды, парасатты адам болған. Емшілік қасиет те дарыған жан болған көрінеді. Кей аңызда Қосайдың зағип көзін Оғылмеңлінің өзі емдеп жазып алған делінеді. 2007 жылы қазан айында Ер Қосайдың 500 жылдығы аталып өтті, ерлік өмірі зерттеліп, дәріптелген ғылыми-теориялық конференция болды. Жаңаөзен қаласында Ер Қосай атындағы мешіт, теңізде кеме бар. Еліміздің батыс қақпасы саналатын Атырау облысындағы Ресеймен арадағы шекарада орналасқан бөлімшесіне Ер Қосай батырдың атағы берілді. Ер Қосай мен Оғылмеңлі ана кәзіргі Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласына жақын Бестөбе деген жерде жерленген, бастарына мазар орнатылған. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 181 | |
Всего комментариев: 0 | |