ӘМЕТ БАТЫР “Әмет батыр” — Мұрын жырау жырлаған “Қырымның қырық батыры” эпостық жырының жеке батырлар топтамасына енген жыр. Толық нұсқасын жырды Мұрын жыраудан 1948 жылы И.Ұйықбаев жазып алған. Басынан аяғына дейін 7-8 буынды жыр үлгісімен шығарылған. Қырымның қырық батырының бірі Алаудың жолын қуып батыр болған Әметтің ерлік істері баяндалады. Жырдың басты идеясы — Отанды қорғау, ел бірлігін уағыздау болса, екінші жағынан ислам дінінің әскері де қылаң береді. Жырда ел қорғаны Әмет батырдың бостандық жолындағы ерен ерлік үлгісі, отаншылдығы дәріптеледі. Алғаш рет “Қазақ халық әдебиеті” көп томдығының 12-томында (1990) жарияланды. Бұдан басқа Әмет батыр туралы халық ертегісі негізінде шығарылған ертегі-дастан да белгілі. 7-8 буынды жыр үлгісіндегі “Әмет” дастанын жинаушы Ғ.Ахметов ел аузынан жазып алып, Ф.Ғатауов Қазақстан ҒА қорына тапсырған. Дастанда Әмет батырдың Әз Жәнібек ханды жаудан құтқарып алуы, осы ерлігі үшін Ханайым сұлуды тарту ету жөнінде уәдесінен тайған хан ауылын шауып, сұлуды алып қашуы, соңынан қуып келген атақты Алау батырдың батасын беріп, мұратына жетуі баяндалады. Дастанның басты кейіпкері Әмет жеріне адал, отан сүйгіш, аңғал батыр бейнесін де суреттеледі, ел билеушілердің опасыздығы әшкереленеді. Шығарма нұсқасы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 133 | |
Всего комментариев: 0 | |