ҚАРҒА БОЙЛЫ ҚАЗТУҒАН Қазтуған Сүйінішұлы шамамен ХV ғасырда Астрахань облысына қарайтын Красный Яр қаласының төңірегінде, Бозан, Ақтұба өзендерінің бойында дүниеге келген. Көшпелі тірлік салтын ұстанған ықпалды әулеттен шыққан. Айтулы жорық жырауы, әскербасы, батыр болған. Ел арасында «Қарға бойлы Қазтуған» атанып кеткен. Әкесі Сүйініштің Қазтуғаннан бөлек, Азамат және Әдіжі есімді тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен. Қазтуған жыраудың туған және қайтыс болған жылдары күні бүгінге дейін белгісіз. Кейбір деректерде ХV ғасырда өмір сүргені жазылса, енді бірінде XVІІ ғасырдың перзенті екені айтылады. Мәселен Әнес Сарайдың «Ноғайлының рухани өмірі» атты еңбегінде: «Қазтуған — Ноғайлы жырауларының ең кенжесі, XVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға. Жыраудың өмір сүрген кезеңін анықтауға Ноғайлы шежірелері септеседі. Қазтуған шежіресі былай түзіледі: Ысмайыл — Дінбай — Тінікей — Абдол — Сүйініш — Қазтуған. Ысмайыл Мұса бидің ортаншы ұлдарының бірі болғандықтан, 1480 жылдар шамасында дүниеге келді деп болжауға болады. Ал өлген жылы – 1563 жыл. Оның төртінші ұлы Дінбай Орыс би заманының 1578–1590 жылдары атыс-шабыстың бел ортасында болды. Қазтуған — Ысмайылдың бесінші ұрпағы. Əр ұрпаққа 20–25 жастан бергенде Қазтуған 1600 жылдар шамасында дүниеге келген болады», – деп жазады. Қазтуған жырларынан жыраудың өзінен жасы үлкен Асан Қайғының көзін көргенін аңғаруға болады. Кейін Асан Қайғының баласы Абатпен үзеңгілес болып, ел ісінде мақсат-мүдделерін ортақтастырған. Тарихи еңбектерде Қазтуған жыраудың ХV ғасыр аясында сексен жасқа жақын ғұмыр кешкені жазылады. Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалды. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» атты толғауларын атауға болады. Дегенмен, бұл шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың қазақ әдебиеті тарихының төрінен орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде және өзіндік сипатқа толы болғанын аңғартады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға толы, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары бірнеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған. Қазтуған жыраудың толғауларын алғаш рет Ғабдолла Мұштақ «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» атты жинағында топтастырған. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 168 | |
Всего комментариев: 0 | |