ЕДІГЕ БАТЫР «Едіге батыр» – батырлық жыр. Тарихта болған атақты батыр, ел билеуші Едігенің ерлік істерін жырлауға арналған. «Едіге батыр» жыры қазақтарда ғана емес, түркі тілдес халықтардың біразында кездеседі. Жырда тарихи оқиғалар мен эпостық-ертегілік сарындағы қиял-ғажайып, әсірелеу сарындары араласа келеді. Эпоста тарихта есімдері мәлім Әмір Темір, Тоқтамыс хан жайлы да сөз болады. Жыр қазақ даласына кең тарап, халықтың сүйікті шығармасына айналған. Жырдың қазақ тілінде бірнеше нұсқасы бар. Олардың ішінде құндылары – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиұлы Уәлиханов жазып алған нұсқа. 1905 ж. ғалым П.М.Мелиоранский осы нұсқаны Санкт-Петербург қаласында жеке кітапша етіп шығарды. Академик Қ.И.Сәтбаев жас кезінде ел аузынан жазып алған жыр нұсқасын 1927 ж. Мәскеуде «Ер Едіге» деген атпен бастырды. Ол осы жыр үшін кейін, 1950 ж. қуғынға ұшырады. «Едіге батыр» жыры жарты ғасырға жуық уақыт баспа бетін көрмеді. 1989 ж. «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының батырлық жырларға арналған топтамасында Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» циклі бойынша «Едіге» жыры 5-томда жарияланды. Сәтбаев жариялаған жыр нұсқасы 1995 ж. «Ер Едіге» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді. 1996 ж. ғалымдар Р.Бердібайдың алғы сөзімен және О.Ә.Нұрмағамбетованың құрастыруымен «Едіге батыр» жинағы басылды. «Едігенің» көп нұсқалы, ондаған нұсқалы, халық жүрегіне жақын болып қалыптасуының негізгі бір себебі тілінің көркем, композициясының шебер болғандығына ғана байланысты емес, түркі халықтарының есінен кетпестей орын алған тарихи оқиғаларға да қатысты. Ол тарихи оқиғалар сілемі әр қилы ғылыми мақалаларда түрлі деңгейде әңгіме болғанымен, түбегейлі тексерілмегені әрі олай істеуге кеңестік саясаттың мүмкіндік бермегені де мәлім. Мұның үстіне «түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы да» туындының озықтығының бір қыры болып табылады. Эпостың басты кейіпкерлерінің Едіге, Тоқтамыс хан, Ақсақ Темір, Нұраддин сияқты дүниежүзіне танымал тұлғалар болуы шығарманың тарихи негіздеріне айрықша назар аударуды талап етеді. Себебі заманында жарты әлемді біріктірген айбынды Алтын Орданы он сегіз жыл билеген Тоқтамыс хан, жиырма жыл бойы оның билік тұтқасын ұстаған Едіге, әлемге әйгілі жиһангер Ақсақ Темір есімдерінің өзі осыны талап етеді. Бұл жерде отарлық езгі кезінде Алтын Орда тарихына берілген теріс баға Едігенің тарихын толық танып білуге кері ықпал еткендігін ұмытпауымыз керек. Оның үстіне сақталып қалған тарихи деректер, негізінен, ірі оқиғаларды ғана шежірелеген, ал шын мәнінде, Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір араларындағы өзара байланыс анағұрлым шытырман, иірім, бүкпесі көп болғаны аңғарылады. Ұлттық нұсқаларды тарихи деректермен өзара салыстыра отырып, астарына үңілсек, Едіге мен Тоқтамыстың әуелде тату болып, соңында бірінің түбіне бірі жететін дұшпандыққа баруына қандай себептер бар екендігіне көз жеткізуге болады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 164 | |
Всего комментариев: 0 | |