АРҚАЛЫҚ БАТЫР Арқалық шамамен ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында болған адам. Руы керей, оның ішінде қарақас. Туып-өсіп, мекен еткен жері – Алтай аймағы, егіз жатқан екі ел – абақ-керей, найман іші. ХVІІІ ғасыр қазақ пен қалмақтың бір-бірімен барымталасып, мал қуысып, кек қайтарысып, қандасып тұрған дәуірі. Мұның үстіне Абылай төрелерінің бірі — Әжінің керей, найманды билеп, өз халқына өзі жауығып тұрған заманы болатын-ды. Арқалық батыр осы екі қыспақтың екеуін де көрген, әсіресе Әжі төренің әділетсіз айла-сұмдығына қарсы күрескен халық қаһарманы, ел ардағы. Арқалық батыр жөнінде Арқалық батыр шөберелерінің бірі – Қабаш Мұсайнов жазған. Бірақ, мұны әдеби нұсқа деуден гөрі батыр жайында жазылған деректеме десе де болады. Арқалық батыр – бар жырда да өз еңбегімен күн көріп отырған қарақұрым көп кедейдің бірі. Ержан Ахметов жырында Арқалық батыр үстіне жадағай жаман шекпен, аяғына киіз байпақ, тері шоқай киіп жүретін сіңірі шыққан тақыр кедей. Сөйтсе де Арқалыққа тыныштық жоқ. Әжі төре бастаған байлар бірде сауғаға берген Көкшұбары үшін алпыс қамшы дүре салса, тағы бірде жалған жала жауып, ұрысын деп алақанына қорғасын құяды. Ақыры хас батырға біткен аңғалдығы оны Әжі төренің қармағына іліктіреді. Арқалық Әжі ханның кегін қуып, намысын жыртып, жауда кеткен малына мал қайтармақ боп дүрбітке аттанады. Бұл бірде дүрбіт, бірде торғауыт деп аталады. Торғауыттар – Тарбағатай маңында да, ал дүрбіттер – Ертістің жоғарғы бойында тұрған тайпалар. Екеуі де ХVІ ғасырдың аяғында ойраттардан бөлініп шыққан. Қай жырларда Арқалық – Қаракерей Қабанбайдың тұқымы, Ер Жәнібектің жиені деп айтылады. Ал, Саяділ Керімбеков нұсқасында Арқалық әлдеқандай бір жағдаймен Арқадан ауып келген батыр делінген. Шынында да халық арасындағы бір аңызда Арқалықтың Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Уақ Баянның соңынан ерген жас батыр екені байқалады. Қалмаққа қарсы соғыста ол талай рет ерлігімен көзге түскен. Сөйтіп жүріп арқалық төре тұқымына айттырылып қойған бір қызбен көңіл қосады. Бірақ, хан-төре тұқымына қарсы шығар шара бар ма? Ақыры екі ғашық Дүрбіттегі он екі Абақ Керей еліне қашып барып, пана табады. Арқалықтың ең жақын тілеулес батыр жолдасы – Жұбай. Жұбай да Арқалық секілді қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылыққа талай рет қатысып, өрен ерлігімен, ақыл-айла, жүректілігімен халқына белгілі болған жас батыр. Сонымен бірге ол жанындағы үзенгілес жолдасына жанын қиятын адал дос, ақылды серік. Жырда Арқалық өзінің аңғал батырлығымен алды-артын ойламай қалатын оппа, алып күш иесі ретінде суреттелсе, Жұбай көбіне әр нәрсені аңғарғыш ақылдығымен елес береді. Мұны Арқалықтың мына бір сөзінен де аңғаруға болады: «Арқалық батыр» жырының халықтық үлкен қасиеті де оның осындай іс-әрекет ерлігін бірде ақылмен, бірде білек күшімен қолдап, жебеп отыратын бірталай кейіпкерлер бар. Олар батырдың қарулас серіктері – Жұбай, Шатай, Тұяқ, Ситан, әкесі Бөрібай, өз әйелі Қаракөз, Жұбайдың әйелі Дәмелі, батырға іш тартып жүрген билер – Бейсенбі, Бәйметей, Жақсылық т.б. Елім деп еңіреген ердің есімі халық аузында аңыз-әңгіме мен ертегі-жырға айналып кеткен. Ж.Шанин пьеса жазып, сахнаға қойған. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 178 | |
Всего комментариев: 0 | |