ЕР САЙЫН «Ер Сайын» – батырлық жыр. Көлемі 3000 жол, тілі шұрайлы. Жырда ноғайлы дәуірінің жорықтары баяндалады. Жыр ауызекі тарап кеткен. Оны 1870 ж. В.В.Радлов өз жинағында жариялаған («Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Джунгарской степи», СПб., 1870).[1] 1910 ж. Орынбор мұрағат комиссиясының ғылыми еңбектерінде «Бозманай» деген атпен басылды. Кеңес дәуірінде Ташкент (1922) пен Мәскеуде (1926) жеке кітап болып шықты. С.Сейфуллин құрастырған «Батырлар жыры» жинағында жарияланды (1933). Кейін «Ер Сайын» эпостық жыры екі рет баспа бетін көрген Радлов жинағында жарияланды («Алтын сандық», А., 1993; «Ел қазынасы – ескі сөз», А., 1994). Эпостың ықшамдалған нұсқасы А.Пеньковскийдің аударуымен «Литературный Казахстан» журналында орыс тілінде де жарияланды (1938), Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхананың Қолжазбалар қорында Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы, т.б. ауыз әдебиеті мұраларын жинаушылар жазып алған «Ер Сайын» жырының нұсқалары сақтаулы. Ахмет Байтұрсынұлы әдебиетші ретінде халық әдебиеті үлгілерін зерттеп, кітап етіп бастырған ғалым. Ол 1923 жылы Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан халық жыры «Ер Сайынды» жеке кітап етіп шығарып, әйгілі орыс ғалымы Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Николаевич Потаниннің туғанына 80 жас толуына орай тарту етіп сыйлаған. Г.Н.Потанинге Ахмет Байтұрсынұлы жазған арнау өлеңі былай басталады: Атақты Сібір ұлы қарт Потанин! Ер сүйсе сендей сүйсін ел – Отанын. Қазақсың, қалмақсың деп алалау жоқ, Отанның тең көресің барша жанын. Қазаққа Потаниннің аты ардақты, Ямыштың біліп отыр қанша шалын?!. Мәскеу, 1923. «Ер Сайын». Жыршылар аузынан алып, өңдеп өткеруші – Байтұрсынұлы Ахмет. «Ер Сайын» бұрынғы халық аузында сақталған жырларша былайша басталады: Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда... Бес намазын қоймаған, Бір құдайды ойлаған. Қара басы хан болған, Байлығы жұртқа аң болған. Малы Алашқа таң болған, Бозмұнай атты бай болған. Қатыны қартаяды, байда бала болмайды. Құлдарынан қорлық көреді. Бозмұнай бай бір Аллаға жалбарынады, мінәжат жасайды. Әкесі жетпістен асқанда, анасы елуге келгенде Алла Тағала қолдап, олар ұлды болатын болады. Ұлдың дүниеге келуінің де көп қиындықтары да жырда келісті жырланады. Сайындай ердің өсіп, жетілуі де қиындықтан кенде болмады. Бір күндері болғанда, Сайын жасқа толғанда, Мұның даңқын есітіп, Қара Қыпшақ Қобыланды: Мың кісіні алайық, Сол Сайынға барайық. Рас болса ерлігі Қолымызға алайық Алыста жатқан қалмаққа, Бір соғысты салайық, – деп жолға шығады. Қобыланды Ер Сайынға: Алла ашсын жолыңды, Ұзын қылсың қолыңды. Танып жүргін, ие балам. Оңың менен солыңды! – дегендей ақ батасын береді. Сайынның ел қамқоры болып өсуіне ақ жол тілейді. «Ер Сайын» жырын өңдеп, саралап, кітап етіп бастырып Ахмет Байтұрсынұлының «Қазаққа Потаниннің аты ардақты» деп тапсыруы жайдан-жай емес. Орыс ғалымы, жиһангер, фольклоршы, түркі, моңғол халықтары тарихын зерттеуші, қаламгер Потанин Омбыдағы кадет корпусында Шоқан Уәлихановпен бірге оқыған, айнымас досы. Қазақтың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрін зерттеген ғалым, саяхатшы. Батыс Моңғолия, Тува елдерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарында болған. «Қазақтың соңғы Ханзадасының киіз үйінде», «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз әңгімелері және ертегілері» еңбегі оның түркі, моңғол ғылымына қосқан үлкен үлесі. Хакім Абай, оның інісі Халиулла Өскенбаев туралы да жазған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы болса Григорий Николаевич Потанинге (1835-1920ж.ж.) өлең арнаған. Біз едік қадірі жоқ ұл әкеге, Көп жатқан мешел болып көлеңкеде, Әл бітіп, жаңа ғана аяқ басып, Іліндік біз де жетіп мерекеге. Тойыңа шашу алып шаттанамыз, Білдіріп жүрек лебін Герекеңе... «Алдына Алаш тарту ұсынған Григорий Николаевичті» «А.Б.» қазақы құрметпен «Гереке» деп сыйлайды, құрметтейді. Қазақтың жыр жауһарларының бірі «Ер Сайынды» Алаш атынан ұсынады. «Орамал тон болмаса да жолға жарар» деп тарту өлеңін арнайды. Қыр баласы – Әлихан Бөкейханов болса жырға соңғы сөз жазады. Қыр баласы екі рет «Григорий Николаевич Потанин» атты ғалымның өмір жолынан мол дерек берген естелігін жазған. Әлихан Бөкейханов болса сол естеліктерін: «Қазақты туғанындай жақсы көрді. «Бейшарасың» деп қазаққа қорған болды. Өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей» деген сөздермен қорытындылайды. Демек, қазақтың қос арысының кереметтей тарту сыйына, арнау сөздеріне ие болған Г.Н.Потанинмен біз де мақтанамыз, оның Алаш тарихына қосқан еңбегін құрмет тұтамыз, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтың орыс ғалымына деген ыстық ықыластарына қайран қаламыз. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 193 | |
Всего комментариев: 0 | |