ЕР ТАРҒЫН «Ер Тарғын» жыры оқиғасына қатысатын тұлғаларға қарағанда, XVI-XVII ғасырлар арасында шыққан батырлар жырларының тобына жатады. Жырдың мазмұн оқиғасы, бір жағынан, Астрахан хандығының құлауымен, екінші жағынан, қалмақтардың Еділ, Жайық бойына келіп, ноғайлы-қазаққа шабуыл жасауымен байланысады. «Ер Тарғын» жырының осындай тарихи оқиғадан туған шығарма екенін жырдың өз сөздері де көрсетеді. Жырға негіз болған оқиға қалмақтардың Еділ, Жайық бойына келіп, ноғайлы-қазақтармен жер үшін жауласуы, оған қарсы Қырымнан әскер шығуы. Мұндай оқиғалар, көбінесе XVI ғасырдың соңында, XVIII ғасырдың бас кезінде болған. Жырда айтылатын торғауыт қалмақтардың шығыстан (Тарбағатай, Іле бойынан) Еділге қарай өрлей келіп отыруы – қазақ жырларында «құба қалмақ» аталған ойрат-жоңғарлардың кезі. Жоңғарлар XVII-XVIII ғасырларда Орта Азиядағы мықты жұрттың бірі болып, қазақтарға да күш көрсететін болған. Қалмақтың торғауыт дейтін бір руын басқаратын «Қараүлек» қоңтажы өз елінен жіктеле көшіп, қазіргі Қостанай облысы мен Жайық өзенінің арасынан қоныс алады. Бұл – Еділ мен Арал теңізінің арасын қоныстайтын «он сан ноғай» аталған Ноғайлы-Қазақ ұлыстарының қатты күйзелушілікке ұшыраған кезі. Осы кезде бұларды, бір жағынан, Оралдағы башқұрттар мен Еділ бойында басқа жұрттар, екінші жағынан, осы айтқан қалмақтар қыспаққа алады. Бұрын қыпшақ өлкесінің байырғы халқы болған осы тәрізді көрші елдердің қыспағында шапқыншылыққа ұшырап, қатты күйзелушілік көрген соң, әр ру бірінен-бірі бөлініп, қоныс іздеп, тұс-тұс жаққа боса бастайды. Біреулері Еділден өтіп, Солтүстік Кавказ, Кубан өлкесіне, біреулері Маңғыстау, Қарақұм жерлеріне барады. Ең соңында, XVII ғасырдың басында Еділ мен Сырдарияның арасын қоныстап отырған ноғайлы жұрты босып, әр жаққа бытырайды. Сөйтіп, ноғайлының осы сияқты босқыны сол кездегі халық жырларының көбіне сарын болады. Сондай тарихи оқиғамен байланысқан жырдың бірі – «Ер Тарғын». Осы айтқан XVII ғасырдың басында ноғайлы-қазақ басынан кешірген оқиға елдің есінде берік сақталып, жырлардың көбінде аңыз болып айтылады. Мысалы, «Ормамбет би өлгенде, он сан ноғай бүлгенде» сияқты аңыздар Ормамбеттен соң Ноғайлы ұлысының бытырап кеткенін ишаралайтын бұқара мұңы тәрізді. Және осы оқиғаға байланысты Каспий теңізінің жағасындағы қазақтарда әлі күнге дейін «Ноғайлының босқыны» дейтін мұнды күй де тартылады. Бұл келтіргендер де «Ер Тарғын» жырының бір сарыны болатын сияқты. XVI ғасырдың басында Ноғайлы ұлысының күйзелушілікке ұшырағанына Ер Тарғынның мына толғауы мысал бола алады: «Ер Тарғын» жырының XVI ғасырдың соңғы кезіндегі оқиғадан туған жыр екенін, әсіресе, жырдың өз мазмұнынан да байқауға болады. Еділ, Жайық бойындағы «он сан ноғайлы» жұртын қорғауға Қырымнан қол шығады. Мұның тарихи шындыққа тура келетіндігі байқалады. Өйткені, Қырымнан Еділ-Жайық бойына әскер шығуы ХVI ғасырдың 70-жылдары болған. Бұл оқиға Астрахан хандығының құлауымен байланысады. 1569-1609 жылдар арасында Қырымнан Еділ, Жайық бойындағы ноғайлыны қорғау үшін екі-үш рет қалың әскер шыққаны тарихта белгілі. Бұл орыс тарихындағы «аласапыран заманның» кезі. Қырымнан шыққан сол көп қолдың бірі Ақша ханның әскері болу керек. Олай болса, оның қол басшысы – Ер Тарғын. Иван Грозный 1560 жылдары Астрахан хандығын тегіс өзіне қаратып, ноғайлы жұртын бағындырып тұрса да, 1570 жылдары «аласапыран заманда» ноғайлылар қайтадан көтеріліп, Астрахан хандығын бұрынғы қалпына түсірмек болады. Бұл кезде ноғайлының басшылары Жаңбыршы, Мамай, одан кейін Ормамбет, Естерек Қырымға әлденеше рет кісі жіберіп, әскер, қару-жарақ сұратып отыратын-ды. «Ер Тарғын» жыры осы кезеңнің бір оқиғасын қамтитын жыр болуға ықтималы бар. Жырда айтылатын Ақша хан Қырым тарихында белгілі Дәулеткерей дейтін кісінің екінші аты. Қырымнан Еділ, Жайық бойына көп әскер жіберіп, қалмаққа, Иранға, Мәскеу мемлекетіне қарсы тұрған көбінесе, осы Дәулеткерей болатын. Жырдың мазмұнын тарихи фактілермен салыстырып қарағанда, жырда айтылатын Ақша ханның Дәулеткерей екені байқалады. Бірақ, Дәулеткерей мен Ер Тарғынның заманы бір емес. Дәулеткерей – Естерек, Қарасай, Қазилардың кезінде болған адам. Ер Тарғын одан 30-40 жыл кейін болса да, жыр Дәулеткерей тұсындағы оқиғаны «Ер Тарғынға» сыйдырып айтатын сияқты. Осы сияқты фактілерге қарағанда, «Ер Тарғын» жыры XVI ғасырдың соңғы кезінде Астрахан хандығының құлауына байланысты және XVII ғасырдың басында ноғайлы-қазақ пен қалмақтың қоныс таласына байланысты туған жыр екені көрінеді. Ноғайлы-қазақ пен қалмақтың Еділ, Жайық бойына таласын тұспалдайтын жырдың мынадай жері бар: Онан соң бірсыпыра жырларда Ер Тарғынды Естеректің баласы дейді. Олай болса Естерек – тарихта белгілі адам. Тарихи жазулар мен архивтерде Естерек би туралы талай мағлұмат кездеседі. Естерек жырда айтылатын Ормамбет бидің інісі, Дінахмет деген кісінің баласы. Бұлардың бәрі атақты Едіге батырдың ұрпақтары. Естерек би XVII ғасырдың басына дейін Ноғайлы ұлысын басқарып, 1609-1614 жылдары орыс тарихына белгілі Заруцкий жорығына қатысқан кісі. Естерек би алғашында Заруцкийдің кім екенін білмей қарсы тұрса да, артынан оған қосылып, Заруцкиймен бірге толқын шығаруға қатысады. Бұл туралы Соловьев «Ресей тарихы» кітабында былай деп жазады: «Аласапыран заман» кезінде ноғайлының биі Естерек еді. Мәскеу патшалығына қарсы болып, бүліншілік шығарған Заруцкий Астраханға барып, Естерек биге қарсы болды. Тұтқында отырған Жанарыстанды шығарып, қасына ертіп алады. Мәскеу мемлекеті мұны біліп, Еділдегі қазақ-орыстар мен ноғайлының биі Естерекке хат жазып, «Заруцкийге қарсы болыңдар», – дейді. Бірақ, Естерек Заруцкийге қарсы болмады. Ол алдында Заруцкийдің кім екенін білмей, онымен жауласса да, артынан онымен дос болып, Заруцкийді нандыру үшін оған балаларын аманатқа берді. Жаз шыға Заруцкий бар ноғайлыны ертіп Самар қаласын шабуға аттанды. Жазғытұры Еділдің суы тасып жатқанда Заруцкий ноғайлыларды ертіп, қайықпен жоғары өрлеп, Самар қаласын шапты. Ноғайлыларға жергілікті саудагермен Бұқарадан бұл әкеп жатқан «саудагерлерді талатып, олжалауға ерік берді». Тарихтың айтуынша, Заруцкий Естерек сияқты ноғайлы-қазақ батырларының көбімен тегіс істес болып, жорықтарда бірге болып ойын-сауығы жарасқан адам. Тарғын батырдың әкесі Естерек бидің тарихтағы ісі осы. Тарғынның әкесі Естерек екені Мұрат ақынның «Үш Қиян», «Шәлгес» деген жырларында да айтылады: Тарғын батыр тарихта болған Естеректің баласы екендігін «халық ойдан шығарды» деуге болмайды. Ол ғасырдан ғасырға ауысып, ел аузында айтылып келген тарихи шындық. Жырда Ер Тарғынды «Қарасай ұлы Көбекке туысқан»,– деп айтады. Көбектің арғы аталары – Орақ, Мамай XVI ғасырдың орта кезіне дейін жасаған, ал Қарасай Ер Тарғынның әкесі Естерекке замандас болған кісі. Екінші жағынан жырда Тарғын Қарасай ұлы Көбектен үлкен, аға батыр ретінде айтылса, «Қарасай» жырында ол кіші батыр ретінде айтылады: Бұған қарағанда, жырдың мазмұны бір кездегі Қарахан уақытына байланысып, бұларға қатынасқан адамдардың аттары ұмытылмай, сақталып келгендігі байқалады. Ол уақытта «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» деген екі ханның елі бар еді. Осы екі елді алам деп Ақша хан талап етіп аттанды.Тарғын ешбір адам жүр демей-ақ, көппен бірге аттанып кетті». Мұндағы «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» жоғарыда айтқандай Еділ, Жайық бойына ауып келген қалмақтардың рулары болса, «Қырымдағы қырық ханның үлкені – Ақша хан» дегені тарихқа белгілі Дәулеткерей. Расында, XVI ғасырдаң екінші жартысында бұл Дәулеткерейдің Қырымда үлкен хан болғаны белгілі. Ер Тарғын Ақжүністі алып, Қырымнан қашып, Еділ бойындағы өзінің ноғайлы жұртына келеді. Жырдың бұл жері Едігенің Тоқтамыс ордасынан қашып, Сәтемірге барғанына ұқсайды. Бұған қарағанда, «Ер Тарғын» жырының соңғы жартысы не бүтіндей «Едіге» жырынан алынған, не «Ер Тарғын» жырын шығарған ақын «Едіге» жырына қатты еліктеген деп жоруға болады. Бұл жырда Сыпыра жыраудың аты аталуынан да көрінеді. Бірақ, Сыпыра жырау Ер Тарғынмен туыстас емес, ол «Едіге» жырында айтылатын XIV-XV ғасырдағы қыпшақ жұртының атақты жырауы, ақылгөй қариясы. «Ер Тарғын» жыры қазақтың батырлар жырының ең көркемінен саналады. Жырдың мазмұны қандай мағыналы, тарихи бағалы болса, тіл көркемдігі де сондай шебер құрылған. Соғыс суреті, Ақжүністің, Боз Тарланның сипаттары, батырдың Боз Тарланмен сөйлесетін жерлері өте әсерлі түрде, мейлінше шебер суреттеледі. «Ер Тарғын» жыры 1860 жылы Қазанда басылып шықты. Оны бірінші рет бастырып шығарған белгілі Н.И.Ильминский. Одан кейін «Ер Тарғын» жырын академик В.В.Радлов өзінің «Қазақ әдебиетінің үлгісі» (III том) деген жинағына кіргізді. В.В.Радловтан көшіріліп, 1923 жылы Мәскеуде «Батырлар» жинағында басылды. Ақыры, 1939 жылы «Батырлар» жинағында басылды. «Ер Тарғын» жырының осы басылғандарының бәрі де Марабай ақын айтқан түрі. Бұдан басқа «Ер Тарғын» жырының КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалында екі-үш түрі бар. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 165 | |
Всего комментариев: 0 | |