Аспанға қараймын...

СҮМБІЛЕ

Сүмбіленің аты-жөні қайдан?

Алматыда тамыздың 20-сы қарсаңында сағат 5-те таң атады. Дәл сол мезгілде Талғардың Талшоқысының иығынан таң шапағында (жұмбақ тілмен айтқанда, «лай мен тұнық судың арасынан») жылтырап тұрған өткір жұлдыз көзге шалынады. Бұл Сүмбіле жұлдызы. Мамырдың 10-ында жерге «түсіп», үш жарым айдай «жатып», енді алғаш туып («көкке шығып») тұрғаны осы. Үркер мен Таразыдан ол оңтүстікке көп бейім болғандықтан олардан гөрі мұның «жатып қалу» мерзімі ұзағырақ. Ескінің ертегісі бойынша астрономияда белгілі Орион деген мергеннің аяқ жағындағы лек жұлдыздар оның иті, ал шоқтай Сириус (Сүмбіле) осы үлкен арланның жайнаған көзі. Қазақ арасында да Сүмбіле жұлдызы аңшылық әңгімесінде кездеседі: мерген Үшарқарды Текесүмбіленің жарығымен атыпты деседі.

Үшарқар мен Сириусты ертектерде матастыра сөз етудің мәнісі, олар өздері қоныстас, аспанның бір маңында. Үшарқар көкжиектен туған соң соның астын ала (2 сағаттай аралап) сол түстікке бейімдеу Сүмбіле туады. Ғылым тілінде Сириус (не Үлкенарландағы) делінетін жұлдыз қазақ ортасында Сүмбіле жұлдызы аталды. Және оны Үлкенсүмбіле (не Текесүмбіле) деп те атайды.

Орион «Белбеуінің» Таразы аталуының мәнісі қандай болса, Сириустың Сүмбіле аталу жағдайы да дәл сондай? Егін жинайтын қыркүйек айында Күн маңында болатын лек жұлдыздарды, ертедегілер жұлдыз картасында, бау бидайды құшқан бойжеткен (Бикеш) бейнесінде таңбалаған. Осы лек жұлдыздар парсы тілінде Сүмбіл (бау бидай), орысша Дева деп аталған. Бұл өзі қыркүйек айында (Күннің маңында болғандықтан) түнде аспаннан көрінбейді. Ал сол айда түнде (сағат 3-тен кейін) аспанда, көзге шыққан сүйелдей, Сириус шақшиып тұрады. Сириустың қазақ арасында Сүмбіле жұлдызы аталып кетуі, міне, осыдан.

Сириус жұлдызының астрономия тарихында елеулі орны бар. африканың түкпірінен (жер экваторының аржағынан) ағып келетін, дүниедегі ең ірі (ұзындығы 6500 км болатын) өзендердің бірі Ніл дариясы. Оның тасуы 19 шілдедегі Сириустың алғаш көкке шығуы қарсаңына дәл келіп отырған. Ніл дариясы ен жайылып, ауа айналып жерге түсетін ыстықта мысырлықтардың сусаған жерінің шөлін қандыра суғарып, кенелтіп отырады. Сириустың туу (көкке шығу) қарсаңы осынша маңызды кезең болғандықтан, ертеде мысырлықтар жыл басын содан бастап санайтын болған. Мысырлықтар оны Сотис-Ніл жұлдызы дейді, ал оны Сириус (жалтырауық) деп атаған римдіктер Сириустың тууын бақылап есептеудің мысыр астрономиясының тууына себепкер болуы осылай.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (Вчера)
Просмотров: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: