СҮМБІЛЕ Сонда сұлу қыз Құртқа Сүмбіледей жылтылдап... Қобыланды батыр Сүмбіледей сұлу ат мінсем... Сағат тіліне қараса, түн ортасынан ауып кетіпті. Үлкен қаланың шуы басылыңқырады. Азырақ сергіп келуі керек. Қаңтардың шыныдай таза ауасында дем алу сондай жеңіл. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе... Шырақтары жайнаған түпсіз аспанды көргенде ұйқы шайдай ашылып, көңіл шарықтап, шексіз әлемдегі сан жетпейтін жұлдыздарды шарлай жөнелді. Жұлдыз танитын адамға аспан қандай қызықты! Елге таныс жұлдыздардың баршасы дерлік гүл-гүл жайнап көкте тұр. Осылар біздің де бірталайдан бергі сырласымыз, жан жолдастарымыз. Бір шолып шықпақшы. Жұлдыз «ағасы» Үркер, Қосжұлдызын алдына, Сұлусарыны артына салып, бәрінен озып бесіндікке жуықтапты. Солтүстікке бейім Қарақұрт жұлдызы тұр. Одан шыға беттері Темірқазық, Арқан, Ақбозат, Көкбозат, Жетіқарақшы жұлдыздарында болды да, шығыстағы Қамбарға соғып, одан оңтүстікке кілт бұрылып, өрлей түсіп, төрт Босағаны сүйкей өтіп, Үшарқар-Таразылатып барып, ең соңынан дәл оңтүстікте Абай шыңының (Алатаудың) үстінде гауһардай жарқыраған Сүмбілеге келіп тірелді. Жұлдыздардың ең соңына сақтап айтпағында да осы Сүмбіле еді. Көктегі жұлдыздың ең жарығы да (қыдырма жұлдыздарды былай қойғанда), ең бізге жақыны да осы. Сөйтсе де осы кездегі ең ұшқыр «ТУ-104» ұшағының өзі тынбай ұшқанда оған 9 миллион жылда жетер еді. - Сүмбіле Күн сияқты жалт етіп шыға келгенде қой үрке жөнеледі, - дейді түн ұйқысын төрт бөліп мал баққандар. Елдің осы теңеуі шындығында дұрыс. Жұлдыздардың әрқайсысы өз алдына Күн. Тіпті Сүмбіле жұлдызының көлденеңі біздің күндікінен екі еседей үлкен. Сүмбіле суыққа қарай туатын, қысқа бейім жұлдыз. Айтпақшы, қыдырма жұлдыздар – Есекқырған, Қызыл жұлдыз, Шолпан қайда? Үшеуі де «жатып» қалыпты, бұл айда (1962 жылы) олар Күнмен бірге күндіз туып, батып жүрді. Нағыз қыс шілдесінің кезі ғой, аз ғана тұрғанның өзінде бой тоңазып барады. Жатқанның жамбасы шіритіндей ұзақ таңдарда тек жұлдыз қарайтын астрономдар мен дүкен, қойма, мал, қора күзетшілері елді-күнді жерде жүреді ғой, ал, шіркін, ел шетіндегі, жел өтіндегі жылқышыларды айтсайшы! Күн ашық болып, ата жолдасындай сырласатын жұлдыздар көрініп тұрса бір сәрі. ...Көк жүзіндегі жымыңдасқан көп жұлдыз бен жалаңдаған жаңа Айдың нәзік жарығы ғаламға толып, ақша қардың бетінен қайта шағылысып, көк те, жер де жылт-жылт етеді. Шайдай ашық ауада астындағы құр айғыр шиыршық атып, ауыздығымен алысып, жылқышының өзі де ерігіп, емін-еркін жайылған жылқыны байқастап: Сүмбіледей сұлу ат мінсем, Судай сұлу қыз алсам, - деп, ол қоңырлатып ән салады. Боранды күнде ше? Қар астында шөп болса, жылқы ықпайды, тұяғымен аршып тастап оттай береді. Ал жер беті тықыр болса, не мұз жауып тастаса (мұз жылқының шашасының төменгі жағын сыдырып тастайды) жылқы тұрақтамай, ыға береді. Ақпан-қаңтардың жылдай таңында бір толастамай соғатын даланың қатты боранында бір түн (іңірдегі сағат 5-тен таңертеңгі 7-8-ге дейін) 14-15 сағат жылқы күзету (ықтырмай, қасқырға жегізбей) оңай емес, оңай деген кісі өзі күзетіп көрсінші! Дегенмен, әлденеше ғасырлар бойы қазақ халқы ортасында мыңдаған жылқышылар ұрпағы осындай ауыр жұмыстарды баурап-төстеп, кәсіп етіп келгені ақиқат жағдай. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 3 | |
| Всего комментариев: 0 | |
