Аспанға қараймын...

ҚОСЖҰЛДЫЗ

Ай сүттей жарық. Алқа-қотан отырған ауыл шетінде бір қора бала у да шу болып ойнап жүр.

- Енді не ойнаймыз? Айкөбелек ойнайық. Айкөбелек, Айкөбелек...

Балалар екі жар болып, тұра қалып еді, ересектеу біреуі:

Айкөбелек, айкөбелек,

Айдың көзі дөңгелек.

Тебінгіде тең керек,

Қаңжығада қан керек.

Дәл ана ортада тұрған,

Ақан иттің өзі керек, -

деп тақылдатып, тепсіне айтып тастауы-ақ мұң екен, іле-шала қарсы алдындағы қол ұстасқан қатарды үзіп өтпек болып о да пәрменімен жұлқына ұмтылды. Бірақ, үкідей ұшқан баланың бар екпіні зая кетті. Шу дегенде ауыл тиышын бейуақта бұзған бір лақтың өлердей ащы даусы болды. Іле-шала иттер де безек қағып шабалана ұмтылды. Ой дүркіреп үркіп жүр. Балалар да иттердің соңынан айтақтап жүгіріп берді. Тұтқиылда ауыл уда шу болды да қалды. Қойшының ұйқысы құс ұйқысындай деген, оның үйден жүгіре шығып айтақ-айтақ деп айқайлағанда жер жарғандай ащы даусы иттерге де, балаларға да үлкен демеу болды.

- Шәй, шәй жануар, - деп күзетші үріккен қойды тишықтырып бола бергенде, иттер кеткен жақтан қойшы маңыраған ақ лақты қуып келді.

- Ит-құс тиген ғой бәсе, қой маңырап, шулап тұр. Япыр-ау, мұндай ай жарықта не деген қаныпезер неме, қойға шауып жүрген. Е, кеше Ақбиіктегі іннен Түсіп мерген қасқырдың бес күшігін алды деп еді. Күшігінің ызасымен келіп жүрген енесі екен ғой. Бұл қараң өшкір дамыл береді деймісің енді...

Ақсүйек, айкөбелек, серекқұлақ, соқыртеке, қарабие, алтыбақан... сияқты ұлт ойындарының түрлері, мал бағу шаруасының ыңғайына қарай бейімделіп, түнде мал күзетумен байланысты шыққан ойындар.

Қой күзету ара-тұра балаларға жүктеледі. Ойынға қанбайтын балалық шақта, жаздың тамылжыған түндерінде, бәрібір, жастар үйде отырғысы келмейді. Түнгі ойынға үлкендер тыйым салмайды, қайта қоштайды.

- Е, сөйтіп қой шетіне ойнаңдар. Жан-жаққа көз салып, айтақтай жүріңдер. Ұйықтап қалмаңдар. Ал, тіпті ұйқыларың келсе, бізді оятыңдар. Үркер туған соң таң көп кешіпейді ғой.

Ендеше, балалардікі жалаң ғана ойын емес, үлкендер оларға маңызды тапсырма да берді. Түн қараңғысында балаларға әзірше дүниенің беймәлім не қилы қызық сырлары ұшырауы мүмкін. Қараңғыда балалар қауіп-қатерге кездесіп қалуы да ықтимал: ауыл торуылдап жүрген ұры да, баспалап келіп қалатын ит-құс та болып тұрады. Түнгі далада балалар өздерінің жаңаөсірім жандарының тілегіне сай толымды жағдайлар табады... Бір ойыннан бір ойынға көшіп қой күзеткен қыз, бозбала ақырында алтыбақанға келді. Алтыбақанға мінгендерді тербетіп тұрғандар өлең айтпасаңдар жұлқып түсіреміз деп қорқытып қояды. Олардың кейбіреулеріне кезек келгенде назданып.

- Ой, жұлқымасаңдар да айтамыз, жақсылап тербетіңдерші деп әткеншекке мықтанып отырып алады да, әуелі сыбырласып алып, сәлден кейін қоңыраудай сылдыратып, «Қосетек» әніне қосылып кетеді. (жалғасы бар) 

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (22/08/2026)
Просмотров: 3 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: