СҮМБІЛЕ Текесүмбіле (Сириус) және Лақсүмбіле (Процион) Ешкі – өсімтал мал. «Есі кеткен ешкі жияды, ешкіменен есін жияды» дейді халық. Жазғытұрым туған лақ күзде қашып, жыл аяғында екі бас болып шығады. Тай туып, тайлақ боталап, шыбышының іші құр жатпаған деп содан айтқан. Күзге қарай маңызданып, етейген жануарлар дүниесінде Сүмбіле туа жаңадан бір арынды ыңғай, тегеурінді қимыл ояна бастайды. Бұл ыңғайды ең алдымен ешкінің лағы білдіреді. Түнде лақ ақылдап шықты, Лақсүмбіле туды, лақ-қозыны тарттырып, күйек байлау керек. Лақ беліне садақ байлаған уақыт, ол желдеп жұрамал болады, енді көзің тайып кетсе айырылып қаласың дегендей тосын сөздерді құлағың шалады. Аш кенедей жабысып, жерден бас алмай үзіп кенелген жануарлар енді Үркердің көтеріліп, Сүмбіленің тууы қарсаңында ындыны құрып, бір нәрсені аңсағандай, оттауды доғарып, қайта-қайта бастарын көтере береді. Сүмбіле туды, енді теке, қошқар басын көтере бастайды деседі жұрт. Сүмбіле екеу: Лақсүмбіле (Кішісүмбіле) және Текесүмбіле (Үлкенсүмбіле), арасы 10-15 күн, екеуінің де жұлдызы болады. Лағы (Лақсүмбіле) бұрын келеді деп түсіндіріп, сонымен қабат олардың жұлдыздарының парқын, туатын уақыттарын бәрін тізіп айтып береді. Лақ алдынан түлеп пісетін шақта Таразы мен Сүмбіленің арасынан Лақсүмбіле туады. Шытыра жапырақ Лақсүмбіледе, өзге шөптің өсімі тоқтаған кезде шығады. Лақсүмбіле кішірек, жылтылдаған ақ жұлдыз, ал Текесүмбіле тостағандай. Қозы күземі Лақсүмбіле туған соң алынады. - Үркер ел жатпай маңдайға көтеріліп келгенде көкжиектен үлкенсүмбіле туады. Бұл күйек уақыты, қарашаныңора шені. Сүмбіле суық жұлдыз, қыс бойы жоғарылай береді, ел оны жек көреді. Күйексіз жүрген аңның бәрі де сүмбіле тумай үйірге түспейді. - текесүмбіле басқадан көкшілдеу, отша лапылдап туатын раушан жұлдыз, онан раушан бір-ақ жұлдыз (Шолпан) бар. сүмбіледей жылтылдап деп айтуы содан. Ол қыс бойы оңтүстікте болады. Қорыта келіп мынадай жайттарға тоқталайық. Халыққа ежелден әйгілі Сүмбіле (Текесүмбіле, не Үлкенсүмбіле) жұлдызы Сириус екеніне ешбір талас жоқ. Оны кім де болса аспаннан көрсетіп те береді. Ал бірақ Кішісүмбіленің жұлдызы елге ондай мәшһүр емес. Барлық деректерді сараптай келгенде елдің Лақсүмбіленің жұлдызы дейтіні Процион (Кіші арландағы) жұлдызына үйлеседі. Осылай астрономияда Үлкенарландағы және Кішіарландағы деп аталатын сыбайлас тұратын екі жарық жұлдыз қазақ ортасында да үлкенсүмбіле (не Текесүмбіле) және Кішісүмбіле (не Лақсүмбіле) деп ұйқас аттармен аталды. Оңтүстіктің ашық күндерінде Алатаудың, әсіресе Қаратаудың ен жотасында жүріп қарағанда көктегі жұлдыздар шырай беріп, еріксіз көзіңді тартады. Қаратау малшыларының жұлдыз (Үркер, Таразы, Сүмбіле) бойынша есептеп, қоныс аударып отыру тәжірибесі айтарлықтай қисынды және көңілге де сондай қонымды. Бақылаушылардың Сүмбіле жұлдызы аппақ, қылт-қылт етіп, көзге ойнағандай жылтылдап тұрады дегендері шындықпен жақсы жуысады. Сүмбіле біздің Күннен де ыстығырақ, бетінің температурасы 10000 градус болатын ақ жұлдыз екені рас. Сүмбіле аспанда төменірек жүретін болғандықтан, одан келетін сәуле ауаның қалың қабатына соғып, содан жұлдыз күштірек жыпықтап «қылт-қылт» етіп ойнақшып көрінеді. Сүмбіленің көкжиектен тууы (көкке шыққаннан кейін) қыркүйектен бастап ақпанға шейін түннің әртүрлі мезгілінде байқалады. Мысалы, қыркүйекте таңға жақын, ал қаңтарда дәл іңірде туады. Сонда біз құр ғана пәлендей бір құбылыс Сүмбіле туа байқалды десек, онша айқын болмайды. Ал егер «ел жата, Сүмбіле туа...» десек, мейлінше анығырақ болады, бұл қарашаның аяқ кезі. Шайыр адамдар: Аспанда бір жұлдыз Сүмбіле еді, Сүмбіленің туғанын кім біледі, - деп келіп Сүмбілені жұмбақ етіп, Сүмбіленің туғанын түн біледі деп ұйқастырып шешетін. Таутекелер Сүмбіленің тууын күтіп жатады, Сүмбіле жарық етіп шыға келенде тастан ұшады. Есепшілер Сүмбіле туа күл үйіп қойып, желді бақылайды деген сияқтылардың бәрінен Сүмбілені ел көп есептегені аңдалады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 5 | |
| Всего комментариев: 0 | |
