СҮМБІЛЕ Сүмбіле туғанда сұңғыл әйел жатар ма? Елдің айтуынша, Сүмбіле өткір, үлкен жарық жұлдыз, туғанда Күнге ұқсап аппақ болып шыға келеді. мұның жарықтығы сондай – ол жалт етіп шыға келгенде қой үрке жөнеледі, ат та елегізіп, селт ете қалады. Ақындар да оны, Сонда сұлу қыз құртқа Сүмбіледей жылтылдап, - деп елемей қоймады. Сүмбіле тууы күздің белгісі екенін шортанбай жырға қосты: Сүмбіле туып күз болмай, Көкорай шалғын оңар ма, Кәрілік келсе қайтадан Жасарып адам толар ма. Малшылар Сүмбіленің туу қарсаңында түннің салқындайтынын, таңертең астаудағы судың мұздайтынын аңдады. Мұны халық: Таразы туса таң суиды, Сүмбіле туса күн суиды, және Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр деген мақалдар түрінде қорытты. Сүмбіле туған шақта, айналадғы өлі мен тірі табиғатта, адам тұрмысында, маусымдық жұмыстарда қандай өзгерістер болатынын барша жамағат көкірегіне түйіп, бас-басына қорытынды жасап отырды. Сүмбіленің амалы кіргенде бәрі де піседі деп оңтүстіктің диқаншылары тұжырымдаса, солтүстікке бейімдер Сүмбіле туса-ақ көк бидайды үсік шалады деп тәжірибе етеді. Түнде (ел жата) туып келе жатқан Сүмбілені көзі шалса, ертесінде астауға қатқан сұзды көрсе, Сүмбіле туса су қатады деген осы деп түйеді ел. - Сүмбіле суықты сүйеді, аяз күні Айдан жарық болып тұрады, сәулесі өзге жұлдыздардан гөрі қуаттылау. Сүмбіленің күні ыстық, түні салқын. Түн ұзарып, түнде ауа едәуір салқындаса да суынып үлгере алмайды да, күн жылы болып тұрады. Оңтүстік жақтарға дұрысырақ келетін ауа райының осы күйін әлгіндегі мәтел дәл сипаттап беріп отыр. - Сүмбіленің туғанын су біледі, Сүмбіле туса су мұздайды, суға зіл түседі. Сүмбіленің туғанын содан біл дейтін қариялар. Сүмбілені бұрын қатты есептеді. Сүмбіле туса ел малын айдап таудан етекке түседі. Сүмбіле туып, су суығаннан кейін қозы өкпе ауруына шалдықпайды. Сүмбіле тумаған кезде қозы бозөкпе болып жиі ауырады (күн өткеннен өкпеде қан болмайды), сонан Сүмбіле туа өледі. - Сүмбіле туғанда бие құлын тастайды деп мінгізбейтін. Сүмбіле туғанда судың суықтығы сондай – егер буаз бие терлеп, бойы жылынып келіп, отқа қоя бергенде суды жұтып жіберсе құлын тастайды. - Жылы су малды (түйе мен қойды) өкпеге шалдықтырады. Жылы су ішсе түйе қараөкпе болады. Сүмбіле туған соң су мұздап, мал өкпе болмайды. - Қаратауды жайлаймыз, оның жоны салқын болады. Шілдеде дәл жонның биігінде боламыз, ал Таразы туған соң етектеңкірейміз. Сүмбіле туған соң Сырға кетеміз. Сүмбіле қыркүйектің басында жылтылдап туатын, үлкен ашық жұлдыз. Қыстыгүні жоғарылаңқырап, ойнап тұрғандай жылтылдап көрінеді. - Таразыдан бір айдай кейін Сүмбіле туады. Мал Қаратаудан құмға түседі, от жерге барады. Сол кезде шыбын құмнан кетеді. Бармақтай көк шыбын (сона) малды шаққанда, мал өзін-өзі ұрып, іші қанға толып, өліп те қалады. Ал Сүмбіле туған соң шағуға әлі келмейді. - Сүмбіле таудан шыққан кезде электрше жарқ ете қалады. Сүмбіле жұлдызы туған соң қамыс бас тартып, дән шығарып, қара бас болады. Сүмбіле туған соң түн ұзарады, әрі салқындайды, жауын көбейеді. Сондықтан ерте жайып алмаса құрт, ірімшік, отын (тезек) кебуі қиындайды. Сүмбіле туған соң сұңғыл әйел жатар ма деген мақал бар. осының Сүмбіледе күн шыққанша сұмырай қатын ұйықтайды деген дөрекілеу түрі де айтылады. Шаруақор кемпірлердің жас келініне шілдеде ұйықтауына болады, ал Сүмбіледе таң ұзарады, ұйқың қанады деген сөзі. Осымен жуысатын, жаман қатын құрт пенен май алады, Сүмбілеге жеткізбей жеп салады деген тағы бір сөз бар. Сүмбілеге қатысты әңгіме де ел аузында аз емес. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 11 | |
| Всего комментариев: 0 | |
