СҮМБІЛЕ Сүмбіле туар жылтиып... «Ұлы Сотис көкте жалтырағанда арнасынан шығып Ніл тасиды» деп мысырлықтар храм маңдайшасына қашап жазыпты. Сүмбіле тууы қарсаңында Мысырда суға қанып жер тойынатын болса, қазақ даласында «құнтиып» мал семіреді. Бірақ Сүмбіленің көкке шығуы (өзгеруімен сабақтас) Қазақстанда кешірек, оңтүстік облыстарда тамыздың орта шенінде байқалады. Тамызда таңмен бірге туатын Сүмбіле күннен-күнге ертерек туып, қыркүйекте таңғы сағат 3 кездерінде, қазанда түн ортасы ауа, қарашаның басында ел жатпай-ақ көкжиектен қылтиып туып қалады. Сүмбіленің көкке шығуымен сабақтас, айналадағы табиғат өмірінде ірі өзгерістер байқалады. Ол кез жаздың аяғы, күздің басы. Күн сайын түн ұзара береді. Өсімдік сарғайып, шөп пен егін піседі. Шілде өтіп, маса-шыбын азайып, шөп нәрленгендіктен үй хайуандары үртіс оңалып, семіре бастайды. Түні бойы жерден бас алмай үзіп, жылқы малы тойынып, тотыдай құлпырып, әбден сәніне келеді. Мысырлықтардың тасқа қашап жазған афоризмінен өз жұрты үшін маңызы кем түспейтін қазақ мақалы барша елге жайылған. «Сүмбіле туар жылтиып, атсемірер құнтиып» деген екі-ақ ауыз асыл сөз, өзіне тән сапасының арқасында, тасқа жазғаннан да артық, жұрттың аузында сақталып келді. Іші-сыртында иненің жасуындай да мін жоқ. Сүмбіле жұлдызының және семірген аттың төте сипаттары, жаратылыс құбылыстарының арасындағы тіркестік, септестік бәрі осыдан табылады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деген осы. Елге ұнаған осы шымыр мақалдың әртүрлерін келтірейік. Мақалдың әлгі түрін Тасамбай батыр, не бірде Сыпатай батыр айтып деп Еңбекшіқазақ және панфилов аудандарында сөз етсе, Талас ауданында «Сүмбіле туар қылтиып, ат семірер бұлтиып» деп өзгертіп, ал шұбартаулықтар оны «Сүмбілетуды сымпиып (не сүмпиіп), ат тойынар құнтиып» деп айтады. Тау иығынан «қылтиып» Сүмбіле суықта «сүмпиіп» туады дегендері айнымай келеді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 13 | |
| Всего комментариев: 0 | |
