БЕС АҒАШТАН ЕР ҚОСТЫМ ҚИЫСТЫРЫП 681 >> Қыз қосылса теңімен жыламасын, Көздің жасын көл қылып бұламасын, Екі жасты бақытты ете көр деп, Біздер бата берелік сұрағасын.
682 >> Күнде жылау, бөпем-ау, күнде жылау, Иіс маймен денеңе бердім сылау, Сен жыламай, бөпем-ау, кім жылайды, Асырайтын әкеңнің сиқы мынау.
683 >> Жолаушы жолға шығар қосыменен, Шөлдесе шай қайнатар мосыменен, Осы үйде таң атқанша ән шырқадым, Әнімді тоқтатайын осыменен.
684 >> Жолықсаң біздің жақтың тентегіне, Өмірдің қарамайды келтеңіне, Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, Жүген ұстап қалады ертеңіне.
685 >> Мен айтайын сөзімді өлең етіп, Өмір сүрсін жас ұрпақ көлеңдетіп, Бас қосқаны қауымның той емес пе, Отырайық бәлсінбей өлеңдетіп. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 9 | |
Всего комментариев: 0 | |