Қара өлең көкжиегі

БЕС АҒАШТАН ЕР ҚОСТЫМ ҚИЫСТЫРЫП

666 >>

Болғанда алтын басың, құндыз шашың,

Иілген жай секілді екі қасың,

Кетпесін осы сөзім қошеметке,

Ел-жұртқа әзіз болған сенің басың.

 

667 >>

Кейбіреуге жақпайды бұлтты күн,

Жарасар ақ қозыға түбітті жүн,

Қызылыңның барында қиялай бас,

Басыңнан әлі-ақ өтер қызықты күн.

 

668 >>

Боз інген боздайды екен ботам-ау деп,

Жүк артса ақ ботама батады-ау деп,

Бой жеткен жылайды екен кетерінде,

Біреудің оң жағында жатам-ау деп.  

 

669 >>

Тақияма таққаным тал-тал моншақ,

Кер биеге жарасар кер құлыншақ,

Кер құлыншақ ойнайды ат болдым деп,

Қыз бейшара жылайды жат болдым деп.

 

670 >>

Үлкеннің алып келген ақ батасы,

Түйенің ойнақтайды жас ботасы,

Сәрсенбі сәтті күні той жасапсыз,

Тойыңыз құтты болсын, отағасы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (21/05/2025)
Просмотров: 8 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: