Қара өлең көкжиегі

БЕС АҒАШТАН ЕР ҚОСТЫМ ҚИЫСТЫРЫП

441 >>

Дәйім менің мінгенім алкүреңім,

Шілдедегі құрақтай балдыр едім,

Ауылыңның сыртынан қарауылдап,

Құс аулаған мергендей аңдыр едім.

 

442 >>

Дәйім менің мінгенім Құламойын,

Қыз-бозбала сылайды тұла бойын,

Сауық құрып, сайрандап, ән шырқайды,

Жігіт-желең жиылып салып ойын.

 

443 >>

Дәйім менің мінгенім торым еді,

Жүрген жерім торымен қорым еді,

Құрбылардан айрылған қиын екен,

Табылмады тау-тастан соның емі.

 

444 >>

Дәйім менің мінгенім мұз көк ала,

Сала алмас осы әнге өзге бала,

Қыл өтпес арамыздан тату едік,

Арадағы айрылдық сөзге бола.

 

445 >>

Дәйім менің мінгенім кер балағым,

Ренжуден тартады сол қабағым,

Қолым жетпей қор болдым сұм заманда,

Қияметтік қимасым қош, қарағым.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (23/04/2024)
Просмотров: 47 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: