Қара өлең көкжиегі

БЕС АҒАШТАН ЕР ҚОСТЫМ ҚИЫСТЫРЫП

356 >>

Қарасу ойылмайды мұз қатқанда,

Шаңқобыз зарлы естілер қыз тартқанда,

Буының сірә қалай босамайды,

Өзіңе тең құрбы деп тіл қатқанда.

 

357 >>

Қара тайға жарасқан қара терлік,

Жігітке жараспайды төтен ерлік,

Жабыққан жамандардың ісі дейді,

Көңілді өлең айтып көтерелік.

 

358 >>

Қара жер қыс болмаса қар бола ма,

Заманың осындайда тар бола ма,

Қаншама күйдім, сүйдім десең-дағы,

Кісіге кісі жары жар бола ма.

 

359 >>

Қара ойда ма ауылың, боз талда ма,

Қарай-қарай артына көз талды ма,

Әй-ау десем, мойныңды бұрсаң қайтед,

Шыныменен көңілің бек қалды ма.

 

360 >>

Қара таудың басынан соғар дауыл,

Ерігемін қайтемін жалғыз ауыл.

Қалқатайды келед деп естіген соң,

Күндегіден көңілім бүгін тәуір.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/12/2023)
Просмотров: 47 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: