Қара өлең көкжиегі

ТАБИҒАТҚА БОЛАДЫ ҰНАҒАНЫ

261 >>

Маусым-мамыр болғанда, маусым-мамыр,

Мал құдықтан су ішер абыр-сабыр,

Саумал иісі самалдың сарай ашып,

Күн қызады, жер бусап, жасыл адыр.

 

262 >>

Жағалай Бадам суын халқым отыр,

Жерінің дәулетіне шалқып отыр,

Заманның жақсылығын көзім көріп,

Сүйегім, етім еріп, балқып отыр.

 

263 >>

Ағашы таулы жердің қара барқын,

Қалқатай, айналайын, жүзің жарқын,

Тарыдай тал бойында бір мінің жоқ,

Аузыңнан шыққан сөздің бәрі де алтын.

 

264 >>

Балғын көлде дегенде, Балғын көлде,

Балғын көлдің балығын алғым келді,

Кішкентайдан бірге өскен, беу, қарағым,

Аттандырған жеріңде қалғым келді.

 

265 >>

Әнге салам жерімнің ақ бұлағын,

Жел тербеген әдемі бал құрағын,

Айналайын атыңнан туған жерім,

Сен дегенде жүрегім зар жылады.

баспаға әзірлеген             

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (05/06/2023)
Просмотров: 59 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: