Қара өлең көкжиегі

ТАБИҒАТҚА БОЛАДЫ ҰНАҒАНЫ

256 >>

Көктейді тамыр болса жалғыз терек,

Тереңге бойлап барып тартар қорек,

Төбеңді күнде көріп жүрмеген соң,

Қызығы бұл жалғанның неге керек.

 

257 >>

Ақ үйге ат байладым жанастырып,

Кеттің бе ата дәулет адастырып,

Етің бал, қымызың шекер, қайран Арқа,

Қойдың ғой қара суға таластырып.

 

258 >>

Тауға шықсам сайрайды тау кекілік,

Қар жауғанда қалады жол бекіліп,

 Тісің науат болғанда, тілің шекер,

Қабағыңнан тұрады нұр төгіліп.

 

259 >>

Қар жауды қара жерге кетпейтұғын,

Су шықты ойпаң жерге кеппейтұғын,

Аузымнан отыз маржан түгел кетті-ау,

Бір шебер таба алмадым септейтұғын.

 

260 >>

Бір сөз айтам өзіңді сынағалы,

Жағдайыңды екінші сұрағалы,

Бұйырғанын біреудің біреу алмас,

Табиғатқа болады ұнағаны.

баспаға әзірлеген             

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (29/05/2023)
Просмотров: 61 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: