Қалып қатпарлары

ШЫДАМСЫЗДЫҚ

Шыдамсыздықты емдеу жолдары

Бірінші: Сабыр сақтау. Сынақ уақытында Алланың үкімдерінен шықпай, тұрақтылық сақтап, көркем әдеп таныта білуді сабырлық деп атаймыз. Алла Тағала қасиетті Құранда ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы шыққан қауымға қатысты үкім жайында асықпауды әмір етіп:

«Пайғамбарлардан жігер иелері сабыр еткендей сабыр ет. Олар үшін асықпа» («Ахқаф» сүресі, 35-аят), - деп бұйырған.

Мұсылман адам әркез ісінде сабырлы, сөзінде байсалды, кез келген уақытта шыдамды болуға өзін тәрбиелеуі керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Мүмин адамның жағдайына таңғаласың! Шындығында, оның кез келген ісінде қайыр бар әрі бұл мүминнен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында қайыр бар. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне қайыр болып оралады» (Мүслим, 2999), - деген.

Екінші: Намаз оқу. Намаз адамды түрлі жаман әдеттен тыйып, оны сабырлы, ұстамды болуға тәрбиелейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мағариж» сүресінің 19-23-аяттарында:

«Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір бейнет жетсе, тым шыдамсыз. Ал қашан жақсылық дари қалса, өте сараң. Бірақ намаз оқушылар басқа. Олар намаздарын үзбей оқиды», - деп, адам нәпсісі шыдамсыз, сараң екенін айтып, алайда намаз оқитындар олардың қатарына жатпайтынын баяндаған. Өйткені, намазды шынайы ниетімен оқыған жан сол арқылы өзінің бойындағы рухани дерттен арылады.

Үшінші: Алла Тағаладан жәрдем сұрау. Адам баласы тәннің де, жүрек дертінің де шипасын Алла Тағаладан күтіп, одан арылтуды сұрап, дұға етуі қажет. Қасиетті Құранда Ибраһим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын):

«Ол мені жаратқан, маған тура жол көрсетеді. Ол мені тамақтандырып, сусындандырады. Ол ауырған болсам, шипа береді» («Шұғара» сүресі, 78-80-аяттар), - деп айтқаны баяндалады.

Төртінші: Алла Тағаланы зікір ету. Алла Тағала қасиетті Құраның «Әнфал» сүресінің 45-аятында:

«Алланы көп зікір етіңдер, бәлки құтыларсыңдар», - деп айтқан. Имам Құртуби (Алла оған мейірімділігі) аталмыш аятқа қатысты ғалымдардың: «Жүректерің шыдамсыздыққа тап болған уақытта Алла Тағаланы зікір етіңдер. Өйткені зікір қиындық кезінде тұрақты болуға себеп болады», - деген сөзін келтірген. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (01/09/2026)
Просмотров: 6 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: