ШЫДАМСЫЗДЫҚ Шыдамсыз адамның сипаттары Бойымызда шыдамсыздық бар не жоқ екенін шыдамсыз адамдарға тән мынадай сипаттар арқылы білуімізге болады: Бірінші: Үнемі асығып жүреді. Шыдамсыз адам әрдайым асығып, әлдебір іс болмай қалатындай сабырсызданып, күйгелек келеді. халқымыздағы «Асыққан етегіне сүрінеді», «Асығыстық – шайтаннан», «Тамақты асығып ішпе, түйілерсің, сөзді асығыс сөйлеме, күйінерсің», «Асыққанның ісі шала», «Асыққан жетпес, бұйырған кетпес», «Асыққан шыбын сүтке түсер» делінген нақыл сөздер бекер айтылмаған. Асыққан адам қателікке ұрынып, жұмысында шалалық қылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 37-аятында: «Адам баласы асыққыш болып жаратылған. Асықпаңдар, сендерге белгілерімді көрсетемін», - деп айтқан. Хәкім Абайдың: «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға», - деген насихатында үлкен ғибрат бар. Екінші: Өзге адамдардың барлығы өз жұмыстарын асықпай, салғырттықпен жасайтындай көрінеді. Шыдамсыз адамның көзіне өзге адам қандай да бір жұмысты баяу, әдейі асықпай істеп жатқандай көрінеді. Көлік жүргізсе өзгелердің көлік жүргізгенін ұнатпайды. Сәл қателік жасаса, кешіре алмай, айғайлап, балағаттап жатады. Үшінші: Өзгенің кешіккенін өте ауыр қабылдайды. Шыдамсыз адам үшін ең ауыр азап – күту. Асханада тапсырыс берген асының сәл кешіккені, кездесуге келетін адамының белгіленген уақыттан сәл асырып келуі ол үшін өте ауыр тиеді. Бұндай жағдайда бірден ашуына ерік беріп, ренішін ұстай алмай, артық сөздер айтуға дейін барады. Әрине, бұл кездесуге кешігіп келушінің ісі дұрыс дегенді білдірмейді. Төртінші: Тез ашуланады. Сынақ алаңы болған өмірде әлдебір істің болмай қалуы, кешігуі, адамның көңіліне ұнамайы сияқты істердің барлығы пендеге берілген сынақ. Барлығы ойдағыдай, еш алаңдаушылық жоқ кезде адамның көркем мінезді болып жүруі оңай. Бірақ пенденің шынайы көркем мінезі сынақ түскен кезде оны қалай қабылдап, өзін қалай ұстайтынына, қандай шешім қабылдап, қандай іс жасайтынына байланысты өлшенеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде түрлі қиын сынақтар болғаны белгілі. Жаратушымыз Алла Тағала Өз елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай сәттерге қасиетті Құран аяттары арқылы жігерлендіріп, жұбатып, тәрбиелейтін болған. Мысалы, Алла Тағала қасиеті Құранның «Қалам» сүресінің 48-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббыңның үкімі шыққанша сабыр ет. Балық иесі (Жүніс пайғамбар) сияқты болма. Ол сол уақытта, қайғыын басқан күйде жалбарынған болатын», - деп айтқан. Алла Тағала бұл аятта сүйікті елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүшріктердің көрсеткен жәбіріне сабыр етуді, оған келетін жәрдемнің кешігуіне байланысты шыдамсыздық қылмауды әмір етуде. Өзінің қауымына ашуланып, олардың қылығына сабыр етпеген Жүніс пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сияқты болмауды ескертті. Қатада (Алла оны рақымына алсын) аталмыш аятқа қатысты: «Алла Тағала Пайғамбарын жұбатып, сабыр етуді бұйыруда. Балық иесі асыққанындай асығыстық қылмауды әмір етуде», - деген. Бесінші: Іс ойындағыдай болмаса бірден күдер үзеді. Ісі ойындағыдай болмаса, шыдамсыз адам бірден күдер үзіп: «Енді қайттік?», «Осымен бәрі бітті» деген сияқты сөздер айтады. Мұсылман адам әркез болашаққа жақсы үмітпен қарауы қажет. Сынақ келген жағдайда ешқашан Жаратушыдан күдер үзуіне болмайды. Қасиетті Құранда Жүсіпті жоғалтқан Жақып пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) балаларына: «Уа, ұлдарым! Барыңдар да, Жүсіпті және інісін іздестіріңдер! Сондай-ақ, Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен қарсы болған қауым ғана күдер үзеді» («Жүсіп» сүресі, 87-аят), - деп айтқаны баяндалған. Адам ойланар болса, қиын-қыстау кезде мәселе күйгелектікпен шешілмейді. Өзін қолға алып, Алла Тағаладан жәрдем тілеп, ақылмен шешім қабылдап, дұрыс іс жасау арқылы кез келген іс шешімін табады. Бұл тұста мұқағали ақынның: Шыда, шыда Шыдай түс, шыда тағы Шыдамдыны мына өмір ұнатады Үміттің құлан иек құла таңы, Әйтеуір бір атады, бір атады... Өкінбе, өкпелеме бүгініңе, Өмір, өмір! Болмайды түңілуге, Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге Түсінемін жаныңның ауырғанын, Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын, - деген өлеңі көп адамға демеу болмақ. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 4 | |
| Всего комментариев: 0 | |
