Қалып қатпарлары

ЕКІЖҮЗДІЛІК

Екіжүзділердің сипаттары

Үшінші: Өздеріне дүниеден үлес берілсе ғана разы болып, берілмесе кейіс білдіреді. Екіжүзділерге тән тағы бір сипат – қолына дүние берген адамды ұнату, бермегенді жамандау. Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 58-аятында:

«Олардың кейбірі садақалар жайында сені сөгеді. Оларға одан берілсе разы болып, егер берілмесе ашулы болады», - деп айтқан.

Халық даналығында: «Берсең жағасың, бермесең бітпес дауға қаласың» деген сөз бар. шынайы мұсылман адам бұлайша дүние үшін өзгемен жақын болудан, өзгенің адамдығын оның қанша дүние бергеніне қарап бағалаудан аса сақ болуы қажет. Абай хакім алтыншы қарасөзінде ағайындық, бірлік атты сипаттарды алыс-беріспен ғана өлшейтіндерді сынап: «Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, анұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?» - деп жазған.

Төртінші: Сөйлесе өтірік айтады, уәде берсе уәдесінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Екіжүздінің үш белгісі бар: сөйлесе, өтірік айтады, уәде берсе, оны бұзады, аманат тапсырылса, қиянат жасайды», - деген.

Бесінші: Мақтан сүю. Екіжүзділердің бойында кездесетін тағы бір сипа – өзгелердің мақтауын өте қатты жақсы көру. Тіпті өздері істемеген істерін істегендей болып көрініп, сол үшін мақтанады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 199-аятында:

«Сондай істегендеріне қуанып, істемеген істері үшін де мақтау айтқанын ұнататындарды есепке алма. Сондай-ақ оларды азаптан құтылады деп әсте ойлама. Өйткені олар үшін жантүршігерлік азап бар», - деп айтқан.

Кейбір ғалымдар бұл аят екіжүзділерге қатысты түскенін айтқан. Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғазауатқа шыққанда екіжүзділер қалып қоятын әрі қалып кеткені үшін қуанатын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтып келгенде үзір айтып, ант ішіп, өздері істемеген іс үшін мақтау естігенді ұнататын. Сондықтан: «Сондай істегендеріне қуанып, істемеген істері үшін де мақтау айтқанын ұнататындарды есепке алма», - делінген аят нәзіл болды», - деген.

Алтыншы: Өз ұстанымында тұрақты емес. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Олар осы екі арада дел-салда. Не бұларда жоқ, не оларда жоқ. Алла біреуді адастырса, оған әсте жол таба алмайсың» («Ниса» сүресі, 143-аят), - деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Екіжүзді екі (отар) қойдың арасында ауып жүрген қой тәрізді. Бірде ауып біреуіне қосылса, бірде екіншісіне қосылады», - деген.

Алла Елшісі бұл хадисте екіжүзді адамдардың ұстанымын екі отырдың арасында жүрген қойды мысал ету арқылы өте керемет түсіндірген. Өйткені екіжүзді адам тура жолға бекімегендіктен, сырттай мүминдермен бірге болып көрініп, іштей күпір еткендердің сапынан саналады. Қай жақта дүние пайдасы көп болса, сол жаққа қарай ауып кете береді.

Жетінші: Адамды бетіне мақтап, сыртынан жамандайды. Мұсылмандардың көзінше оларды мақтап, сыртынан даттау, адамдардың бетіне күліп қарап, сыртынан жамандау – екіжүзділердің негізгі сипатының бірі. Олар бұл жаман қылықтарын Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдында жасаудан да тайынбайтын. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұнафиқун» сүресінің алғашқы аятында:

«Саған екіжүзділер келген кезде: «Сені анық Пайғамбар деп айғақ боламыз», - деді. Сенің хақ Пайғамбар екеніңді Алла біледі. Сондай-ақ Алла Тағала расында екіжүзділердің мүлде өтірікші екеніне куәлік етеді», - деп айтқан.

Бұл аятта сипатталған екіжүзділердің айтқан сөзінің сыртқы мағынасы дұрыс. Бірақ олардың ішкі қалауы сыртқы айтып тұрған сөздерін шынайы қабылдамағандықтан, Алла Тағала олардың сөздері жалған екенін айтқан.

Міржақып Дулатұлының: «Дос емес дос сыртынан жамандаған» деп айтқанындай, адамның көзінше жақын, дос, жанашыр болып көрініп, көзі тайып кетсе сыртынан жамандау – жақсы адамға тән іс емес. Шынайы мұсылман мұндай екіжүзділіктен бойын аулақ ұстап, әркімнен шынайы болмысы, ақиқи бейнесінде қарым-қатынас жасауы тиіс.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (26/05/2026)
Просмотров: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: