ЕКІЖҮЗДІЛІК Екіжүзділердің сипаттары Қасиетті Құранның аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде екіжүзділердің көптеген сипаты айтылған. Тіпті қасиетті Құранның екіжүзділер сипатталған бір сүресі «Мұнафиқун» (Екіжүзділер) деп аталған. Мұсылман адамның екіжүзділердің сипаттарын білуіндегі мақсаты, бойында сондай сипат табыла қалған адамды екіжүзді деп айыптау не күдіктену үшін емес, өз басының сол екіжүзділік дертіне түсіп кетпесі үшін сақтану болуы қажет. Біз қасиетті Құран мен хадистерде келген кейбір негізгі сипаттарға тоқталамыз: Бірінші: Құлшылықтарды орындауда жалқаулық таныту. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 142-аятында: «Екіжүзділер, Алланы алдамақшы болады. Негізінен Алла, оларды алдауға ұшыратады. Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады», - деп айтқан. Аятта айтылған «әл-хидағу» сөзі «бір нәрсені жасыру» дегенді білдіреді. Ал «әл-хадғу» деп жасырған затқа қайшы келетін істі көрсетуді айтады. Мысалы, малды ішінде жемі жоқ ыдыспен алдап шақырса, оны «әл-хадғу» деп атайды. Екіжүзді адамдар да осылайша өздерінің шынайы бейнесін Алла Тағаладан жасырғысы келеді. алайда Алла Тағалаға еш нәрсе жасырын емес. Сол сияқты Алла Тағала парыз еткен құлшылықтарды да адамдардың көзінше оқығандай болып көрінеді. Ақиқатында олар намазды жалқауланып, көзбояушылық үшін оқиды. Хакім Абай өзінің өлең жолдарында мұнафиқтықтан сақтандырып: Мүмин болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол, Шын илан да, таза ойла бір иманды, Мұнафиқ намаз қылмас, мағлұм ғой ол, - деп айтуы осыдан. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Оларды көрген кезде, тұлғалары сені таңырқатады. Олар сөйлесе, сөздерін тыңдайсың. Олар, бейне, қалаған қуыс дөңбек сияқты» («Мұнафиқун» сүресі, 4-аят), - деп баяндаған. Олардың сыртқы бейнелері қаншама әдемі, сөзге өте шешен болғанымен, қуыс дөңбек тәрізді, жасаған амалынан ешқандай пайда жоқ екені айтылады. Сондықтан да хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Расында, сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқатыным – екіжүзді ғалым», - деген. Адамдар: «Екіжүзді адам қалайша ғалым болады?» - деп сұрайды. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Даналық сөз сөйлейді, бірақ өзі дінге қайшы амалдар жасайды», - деп айтқан. Екінші: Күнәлі іс жасағаны үшін жүрегінде мазасыздық болмайды. Жүрегі күнәлі істермен ластанбаған адам бір күнә жасағанда, оның жүрегінде мазасыздық, жайсыздық пайда болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнәһарлық – жаныңа тыным бермейтін нәрсе және басқалардың бұл туралы білуін сен қаламайтын іс», - деген. Екіжүзділер күнәлі іске әбден батқандықтан, тыйым етілген істі атқарғанда теріс амал жасап жатқанын сезбейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі 9-аятында: «Олар (өздерінше) Алланы және иман келтіргендерді алдайды. Бірақ олар өздерін ғана алдайды және олар сезбейді», - деп айтқан. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 5 | |
| Всего комментариев: 0 | |
