Қалып қатпарлары

ЕКІЖҮЗДІЛІК

Екіжүзділіктен қорқу

Шынайы мүмин екіжүзділіктен қорқады. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Екіжүзді адам ғана өзін екіжүзділіктен аман санайды, шынайы мүмин ғана екіжүзділіктен қорқады», - деп айтқан.

Бұрынғы өткен сахабалар мен ізгі адамдардың барлығы да екіжүзділікке түсіп кетуден қорыққан. Ибн Әбу Мулайка (Алла оны рақымына алсын): «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отыз сахабасын жолықтырдым. Олардың барлығы өздерінің екіжүзділікке түсуінен қорқатын», - деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хузайфа (Алла оған разы болсын) атты сахабаға екіжүзділердің есімдерін айтып кеткен еді. Әли бин Әбу Талибтен (Алла оған разы болсын) адамдар Хузайфа (Алла оған разы болсын):

«Ол екіжүзділерді білген немесе оған екіжүзділердің есімі жайында білдірілген», - деген. Мүминдердің әміршісі хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) өзі одан сол тізімде өзінің бар-жоғын сұраған. Ол жайында Хузайфа (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде Омар жаназаға шақырылған болатын. Сөйтіп ол оған қарай шықты не шыққысы келді. Бірақ мен оны тоқтатып: «Отырыңыз, Уа, мүминдердің әміршісі! Расында ол (мәйіт) – екіжүзділерден», - дедім. Сонда Омар (Алла оған разы болсын): «Сенен Алланың ризалығы үшін сұраймын, мен солардың ішінде бармын ба?» - деді. Мен оған: «Жоқсыз. Бірақ сізден кейін ешкімге бұлай сипаттама бермеймін», - дедім.

Екіжүзділіктен қорыққан сахабалардың бірі Ханзалә болатын. Ол былай деген: «Бірде мен Әбу Бәкірді кездестіргенімде ол менен: «Уа, Ханзалә, жағдайың қалай? – деп сұрады. Мен оған: «Ханзалә екіжүзді болды», - деп жауап бердім. Бұны естіген ол: «Субханаллаһ! Сен не деп тұрсың?!» - деді. Мен: «Біз Алла Елшісінің жанында болып, бізге жәннат пен тозақ жайында айтқанында, оны өз көзімізбен көргендей боламын. Ал ол кісінің жанынан кетісімен балаларымыз, әйелдерімізбен және дүние тіршілігімен шұғылданып, көп нәрсені ұмыт қалдырамын!» - дедім. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алланың атымен ант етемін, менің де сезінетінім сол!» - деді. Содан соң біз Әбу Бәкір екеуіміз Алла Елшісіне келіп, мен: «Уа, Алланың Елшісі! Ханзалә екіжүзді болды», - дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұның қалай?» - деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Біз сіздің жаныңызда болғанда жәннат пен тозақ жайлы ескертесіз. Сол уақытта оларды көзімізбен көргендей сезімде боламыз. Ал сіздің қасыңыздан кете сала балаларымыз, әйелдерімізбен және дүние тіршілігімен шұғылданып, көбін ұмыт қалдырамыз», - дедім. Менің айтқандарымды тыңдап шығып, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанның атымен ант етемін, егер сендердің күйлерің әрқашан менің жанымда болған кездеріңдегідей болып, Алланы әрдайым есте ұстаған болсаңдар, онда періштелер сендер төсектеріңде де, жолдарыңда да, тіпті қайда болсаңдар да, қолдарыңнан ұстап амандасар еді. Уа, Ханзалә! Әр іс өз уақытымен болады!» - деп, соңғы сөздерін үш мәрте қайталап айтты.

Әбу Дарда (Алла оған разы болсын):

«Уа, Аллам! Мен өзіңе екіжүзділіктің хушуғынан пана сұраймын», - деп дұға тілейді. Сонда адамдар Әбу Дарданың (Алла оған разы болсын) бұл сөзінің мәнісін түсінбей: «Уа, Әбу Дарда! Екіжүзділіктің хушуғы деген не?» - деп сұрақ қояды. Әбу Дарда (Алла оған разы болсын): «Дененің хушуғ танытқан болып көрініп, ал жүректе хушуғ атаулының жоқ болуы», - деп жауап береді. Жалпы, хушуғ дегеніміз – жүректің Жаратушының алдында иіліп әрі өзінің қаншалықты төмен екенін сезінген күйде тұруы болса, екіжүзділік хушуғ деп жүректе болмаған хушуғты денемен көрсетуге тырысуды айтады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (12/05/2026)
Просмотров: 5 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: