ӨЗ-ӨЗІНЕ ТАҢДАНУ Өз-өзіне таңдану дертін емдеу жолдары Бірінші: Өз бойындағы кемшіліктерді ойлау. Кемшіліксіз пенде болмайды. Өз бойында кемшілік жоқ деп есептейтін адам – нағыз кемшілік иесі. Мұсылман өз бойындағы кемшіліктерді іздеп, оларды түзетуге тырысуы қажет. Екінші: Қолда бар нығмет кез-келген уақытта жоқ болуы мүмкін екенін ойлау. Үшінші: ешкім жәннатқа өзінің амалдары арқылы кірмейтінін білу. Өзгеден көбірек құлшылық қылатын адам өзін жоғары санауына болмайды. Себебі жәннатқа пенде амалы арқылы емес, Алла Тағаланың мейірімімен кіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ешқайсыларыңды амалдарың құтқармайды», - деп айтқан. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Тіпті сізді де ме?» - деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, тіпті мені де, Алла Тағала өз мейіріміне алмайтын болса (амалдарым құтқармайды)», - деген. Төртінші: Амалдарының қабыл етілмей қалуынан қорқу. Ізгі амалды атқару – пендеден, ал оны қабыл ету – Жаратушыдан. Мұсылман адам қайсы амалының қабыл болатынын, қайсысы қабыл болмайтынын білмегендіктен, ізгі амалды атқару арқылы оның қабыл болуын үміт етіп, қабыл етілмеуінен қорқады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында не берсе де Раббыларына қайтуларынан, жүректері қорқып бергендер. Міне осылар, жақсылықтарда жарысады да олар, оың озаттары» («Мүминун» сүресі, 60-61-аяттар), - деп айтқан. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) аталмыш аят жөнінде Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Не берсе де Раббыларына қайтуларынан, жүректері қорқып бергендер» деген «Арақ ішіп әрі ұрлық жасаушылар ма?» - деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, Шыншылдың қызы (Әбу Бәкір Сыддықтың қызы), олар ораза ұстайтындар, намаз оқитындар, садақа беретіндер. Бірақ олар – құлшылықтарының қабыл болмай қалуынан қорқатындар. Міне осылар, жақсылықтарда жарысады да олар – оның озаттары» (Тирмизи, 3401 / Ибн Мәжа, 4198), - деп жауап береді. Бесінші: Бұрынғы жасаған күнәлі істері жайлы ойлап, Жаратушыдан жиі кешірім сұрау. Ақыретте берілетін амал дәптерінде қандай амалдары көп болатындығын білмейтін пенде өз-өзіне таңдануы мүмкін емес. Бұндай дертті бойынан сезінген адам өзінің бұрынғы жасаған күнәлі істері жайында ойлап, өкініп, Жаратушыдан кешірім тілеп, тәубе етуі қажет. Осылай істеу арқылы адамның тәубесі шынайы, атқаратын амалы дұрыс болмақ. Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Тәубеңнің дұрыс болуы – күнәңді тануыңнан. Ал амалыңның дұрыс болуы – өз-өзіңе таңдануды тәрк етуіңнен», - деген. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 3 | |
| Всего комментариев: 0 | |
