Қалып қатпарлары

ӨЗ-ӨЗІНЕ ТАҢДАНУ

Өз-өзіне таңдану дертінің белгілері

Өз-өзіне таңдану жүрек дерті болғандықтан, көп жағдайда адам бұл дертке шалдыққанын өзі білмейді. Пенде өз бойында өз-өзімен таңдану дерті бар не жоқ екендігін анықтау үшін оның мынадай белгілерін білуі тиіс:

Бірінші: Насихат айтушыны ұнатпау. Өзін тым жоғары бағалағандықтан, ондай адам өзгенің ақыл айтқанын, әлдебір затты үйреткенін ұнатпайды. Тіпті ондай адамдарды жек көреді.

Екінші: Өзгелердің айыбы жайында айтуды жақсы көру. Әдетте бұл дертке шалдыққан адам өзгелердің қателігі мен кемшілігі жайында сөз қылғанды жақсы көріп, сол арқылы өзін ондай кемшіліктерден ада екенін көрсеткісі келеді.

Үшінші: істеген жақсы амалдарын міндетсу. Мұндай дерті бар адамдар құлшылық, қандай да бір ізгі амал жасағанын міндетсиді. Сол арқылы өзгелердің өзіне ерекше дәреже беріп, ерекше қарым-қатынас жасағанын қалайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «мұдадассир» сүресінің 6 –аятында:

«(Қылған ісіңді) көп міндет қылма», - деп айтқан. Аталмыш аяттың мағынасына қатысты Рабиғ (Алла оған разы болсын): «Жақсылықтарыңды көп деп есептеп, қылған амалдарыңды өз көзінңе өзің үлкейтпе. Расында ол амалдарды атқаруың – Алла Тағаланың саған берген нығметінен», - деген. Хасан (Алла оған разы болсын) бұл аятты: «Атқарған амалдарыңды Алла Тағалаға міндетсімей, ізгілігіңді арттыра түс», - деп тәпсірлеген. Ибн Аббас (әкесі екеуіне Алла разы болсын): Дүниені өзің бергеніңнен де артық етіп қайтарып алу үшін сарп етпе», - деп түсіндірген.

Төртінші: Өзгелерді менсінбеу. Өз-өзіне таңдану дертіне шалдыққан адамадр өздерін тым артық бағалағандықтан, оларға өзгелерді менсінбеу, менменсу сияқты істер тән. Ислам тарихында орын алған Хунайн шайқасында мұсылмандардың саны көп болады. Бір ғалымдар олардың саны он екі мың болды десе, енді бірі он бір мың бес жүз болғанын айтқан. Он алты мың болған деген де пікір бар. олардың арасында кейбірі көптігіне сеніп: «Бүгін санымыз аз емес, сондықтан жеңіліс таппаймыз», - деген еді. Алайда Алла Тағала оларға өмірлік сабақ берді. Шайқастың басында мұсылмандар жеңіліс тауып, артынша Жаратушының қолдауымен жеңіске жетті. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 25-аятында ол жайында:

«Хунайн күні, көптіктеріңе таңданған едіңдер. Сонда ол сендерге түк пайда бермеді», - деп айтқан.

Бесінші: Білімін мақтан тұту, өзгелермен дауласып, оларды жеңгенді жақсы көру. Шынайы мұсылман Алла Тағаланың ризалығы үшін ізденіп, амал етуі керек болған білімді, еш уақытта дүние мақсаты үшін пайдаланбайды. Ол арқылы дәрежесінің көтерілуі, мансабының жоғарылауын қаламайды. Бірақ өз-өзіне таңдану дертіне шалдыққан адам өзгелердің алдында білімді екенін дәлелдеп, сол арқылы адамдардың алдындағы дәрежесінің одан ары асқақтап, артуын көздейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді бұл істен тыйып:

«Мен өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін жәннаттың ауласынан бір үй (берілетініне) кепіл боламын» (Тирмизи, 1993 / Әбу Дәуіт, 4800 / Ибн Мәжа, 5), - деп айтқан. Тағы бір хадисінде:

«Білімді ғалымдармен бәсеке болу үшін, надандармен дауласу үшін және бір отырысты екіншісінен қайырлы деп білу үшін үйренбеңдер. Кімде-кім бұлай істейтін болса, ол – тозақта, ол тозақта» (Ибн Мәжа, 254), - деп ескерткен.

Алтыншы: Өзін әрдайым ақтау. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Сондықтан өздеріңді өздерің ақтамаңдар» («Нәжім» сүресі, 32-аят), - деген. Бұл аяттың мағынасы: «Өз-өздеріңді мақтамаңдар, күнәлі істерден аманмын деп есептемеңдер. Өз-өздеріңе таңдану, риякерлік қылу арқылы мақтан қылмаңдар. Сонымен қатар күнәлі істерге бой алдырмайтындай болмаңдар. Бұйырылған істерді орындағандарың үшін Алла Тағалаға мақтау айтып, күнәлі істерден сақтаныңдар» (Доктур Уәһбату әз-Зухайли, «Әт-Тфсиру әл-муниру», 14-том, 131-бет), - дегенді білдіреді. Кей ғалымдар бұл аятты: «Өздеріңді азаптап аманмын деп есептемеңдер», - деп түсіндірген.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (07/04/2026)
Просмотров: 14 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: