Қалып қатпарлары

ӨЗ-ӨЗІНЕ ТАҢДАНУ

Өз-өзіне таңданудың көріністері

Адам баласының өзіне таңдануының көрінісі көп. Соның ішінде жиі кездесетіні мыналар:

Бірінші: Білімде. Өзінің білімінің тереңдігі, танымының биіктігі, оқыған кітаптарының көптігі, ғылыми дәрежесі арқылы өзін жоғары санап, өзге білім иелеріне деген менсінбеушілік, құрметсіздік таныту.

Екінші: Мал-дүниеде. Дүниесінің көптігі, тұратын үйінің зәулімдігі, қымбат көлік мінуі, киген киімінің әсемдігі арқылы өзін іштей жоғары санап, таңдану. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бір күні үстіме жаңа сауыт киіп алдым да, оған қарап, таңданып, ерекше сүйсініп тұрған едім. Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Егер пендеге дүниенің көркі арқылы өз-өзіне таңдану дерті кіретін болса, ол адам әлгі дүниені тастамайынша Жаратушысы оны ұнатпайтынын білемісің?» - деді. Осы сөзді естісімен дереу оны шешіп алып, садақа етіп жібердім. Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Бәлки, бұл іс сенің күнәларының кешірілуіне себепші болар», - деді» (Әбу Нағим «Хилияту әл-әулия», 1/37).

Үшінші: Шыққан текте. Ата-бабаларының тектілігі, шыққан руының мықтылығы арқылы өзін өзгелерден жоғары көру, басқаларды төмендету. Алла Елшісі өзгелерді тегіне байланысты бұлайша төмен көрушілерді айыптаған. Мысалы, бірде Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын) ашу үстінде Біләлдің (Алла оған разы болсын) қара нәсілді екенін бетіне басып, оған: «Уа, қара әйелдің баласы», - деп айтады. Бұл сөзге қатты ренжіген хазіреті Біләл: «Алланың атымен ант етейін, мен бұл айтылған сөзді Алла Елшісіне жеткіземін», - деп, жылап барып, Алла Елшісіне шағымданады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзді естігенде жүзі өзгеріп салып, Әбу Зәррге: «Сенде әлі де надандық дәуірінің белгісі бар», - деп қатаң ескерту жасайды. Әбу Зәрр өзінің қателігін түсініп, Біләлға барып, басын жерге қойып: «Уа, Біләл! Аяғыңмен менің басымды таптағаныңнан кейін ғана басымды жерден алатын боламын», - деп, жасаған қателігін кешіруді өтінеді. Біләл Әбу Зәррдің жанына келіп, басынан сүйіп: «Алланың атымен ант етейін, мен Алла Тағалаға бір мәрте болсын сәжде еткен басты таптай алмаймын», - дейді. Осылайша екі бауыр қайтадан табысады.

Төртінші: Ізгі амалдарда. Атқарған ізгі амалдарының көптігі арқылы өзін жоғары санау. Бұндай адамдар тіпті өзін қияметтегі азаптан аман қаламын деп түсініп, Алланың құзырында белгілі бір дәрежеде ие екенмін деген ойға түсуі мүмкін. Мәсруқ (алла оны рақымына алсын): «Адамның Алладан шынайы қорқуы, оның білімді болуы үшін жеткілікті. Ал өзінің амалы арқылы таңдануы, надан болуы үшін жеткілікті», - деген.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (31/03/2026)
Просмотров: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: