ӨЗ-ӨЗІНЕ ТАҢДАНУ Тілдік мағынасы: Адамның өз-өзіне таңдануы, өзін өзгелерді артық көруі қасиетті Құран аяты мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде «әл-ғужбу» деп аталған. Терминдік мағынасы: Өз-өзіне таңдану – адамның өзін тым жоғары бағалап, биік көруі. Осы тұста тәкаппарлық пен өз-өзіне таңданудың айырмашылығы жөнінде айта кету орынды. Себебі бұл екі дерт өзара ұқсас. Тәкаппарлық адамның өзгеден өзін жоғары қоюы болса, өз-өзіне таңдану дерті өзге адамның қатысуынсыз орын алады. Ондай адамдар өзінен өзге ешкім жоқ болса да, өзін іштей жоғары санап, биік көреді. Әбу Уәһб әл-Мәзури былай дейді: «Ибн мубарактан (Алла оны рақымына алсын) «Тәкаппарлық деген не?» - деп сұрадым. Сонда ол: «Адамдарды менсінбеу», - деді. Одан кейін мен өз-өзіне таңдану жайлы сұрадым. Бұл сұрағыма ол: «Сенің бойыңда өзгелерде жоқ зат бар деп есептеуің. Намаз оқитындардың бойында өз-өзіне таңданудан жаман өзге затты білмеймін», - деп жауап берді». («Сияр әғләму ән-нубәлә», 8/407).
Өз-өзіне таңданудың зияны Өз-өзіне таңдану – адамды екі дүниеде бақытсыздығына ұшырататын жүрек дерті. Лағынеті Ібілістің де күпірлікке түсіп, лағынетке ұшырауы – өзін Адам пайғамбардан артықпын деп есептеуінен болған. Ол жайлы қасиетті Құранда: «Ол: «Мен одан артықпын. Өйткені, мені оттан жараттың да, оны топырақтан жараттың», - деді» («Сад» сүресі, 76-аят), - деп айтылған. Адамды Жаратушысының мейірімінен алыстатып, бұндай дерттен мұсылман барынша алшақ болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрдымға ұшырататын үш нәрсе бар. олар – сараңдыққа бағыну, құмарлыққа еру және адамның өзіне-өзі таңдануы», - деген. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Жойылу екі жағдайда болады. Оның бірі – үмітсіздікке салыну, екіншісі – өз-өзіне таңғалу», - деген. Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Фикһу әл-әкбар» атты кітабында: «Егер амалдардың бірінде риякерлік болса, онда ол оның сауабын жояды. Сол сияқты өз-өзіне таңдану да (сауапты жояды)», - дейді. Хакім Абай отыз сегізінші қарасөзінде: «Өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ. Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі: Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады. Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады. Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады», - деген. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 12 | |
| Всего комментариев: 0 | |
