Қалып қатпарлары

МАҚТАНШАҚТЫҚ

Мақтаншақтықты емдеу жолдары

Шәкәрім қажының: «Нәпсі, өзімшілдік пен мақтан шексіз көп жаман әдеттер туғызады», - деп айтқанындай, мақтаншақтықты дер кезінде емдемесе, пендені одан да өзге жаман істерге жетелейді. Сол үшін де бұндай дерті бар адам келесі амалдарға назар аударуы тиіс:

Бірінші: Барлық мақтау тек Алла Тағалаға ғана тән екенін түсіну. Мақтаншақтық дертіне шалдыққан адам барлық мақтаудың әлемдердің Жаратушысы Алла Тағалаға тән екенін түсінуі қажет. Оған берілген жақсылық нығметтердің барлығы Алла Тағаланың бергені болғандықтан., Оған шүкірлік етіп, дәріптеп, мақтау мен мадақтау айтуы керек.

Екінші: Мақтаншақтарға ақыретте ешқандай үлес болмайтынын ойлау. Алла Тағала қасиеті Құранның «Қасас» сүресінің 83-аятында:

«Ал сонау ақырет мекеніне келсек, оны жер бетінде асып-тасуды һәм бүліншілік шығаруды қаламайтындарға нәсіп етеміз. Ақырғы жетістік тақуаларға болмақ», - деп айтқан.

Үшінші: Кішіпейіл болуға тырысу. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, шынайы мұсылман қаншалықты үлкен нығметке ие болса да, оны беруші Алла Тағала екенін мойындап, Жаратушысына шүкірлік етіп, өзгелердің алдында кішіпейіл болып жүруі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Расында, ешкім ешкімнің алдында мақтанбауы үшін және ешкім ешкімді жәбірлемес үшін, бойұсынуы қажет екені жайлы маған Алладан уахи келді» (Мүслим, 2865 / Әбу Дәуіт, 4895), - деген.

Төртінші: Әрдайым өзінің табиғи болмысын сақтау. Ықыласты адам еш уақытта мақтанбайды, өзінде жоқты бар етіп көрсетуге тырыспайды. Өзінің шынайы болмысы қандай болса, өзгелерге сол қалпында көрінеді.

Бесінші: Кез келген нығмет бар болғаны сияқты жоқ болып кетуі де әбден мүмкін екенін ойлану. «Батыр мақтанса бір оқтық, бай мақтанса бір жұттық» демекші, адам баласы дүние, мансап, атақ-даңқ, сұлулық деген заттардың барлығы уақытша екенін, тиісті шүкірлік білдірмесе, кез келген уақытта жоқ болуы да ықтимал екенін ұмытпауы қажет.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (05/03/2026)
Просмотров: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: